Матч орталығы
«Мұндайды қабылдай алмаймын»: «Тобыл» бапкері «Елімайдан» жеңілгені туралы
18 қыркүйек, 13:19

Фото: Мирослав Ромащенко
«Тобылдың» бас бапкері Мирослав Ромащенко ASnews.kz тілшісіне берген сұхбатында «Елімайға» қарсы матчты (0:2) қорытындылады.
– Әдетте белсенді болатын шабуыл қапталдары бүгін онша өткір көрінген жоқ. «Тобылдың» қапталдағы ойынына қаншалықты көңіліңіз толады?
– Менің ойымша, біз біртұтас команда ретінде көріне алмадық. Бірінші таймда ойынға тек 25-ші минутта қосылдық, содан кейін 43-ші минутта ғана ояндық. Дегенмен, тұрақты жоғары белсенділік көрсету үшін бірінші секундтан бастап соңғы секундқа дейін күресу керек екені сөзсіз. Сондықтан қай жерде жақсы, қай жерде нашар болды деп бөлмес едім. Барлығы өз деңгейінде ойнай алмады, бөліп-жарып айтатын ешкім жоқ. Жалпы психоэмоционалдық фон осындай болған кезде, ол автоматты түрде барлық шептерге әсер етеді.
– Микроэпизодтардағы ойыншылардың реакциясы мен мінез-құлқын қалай бағалайсыз? Соңына дейін күресті ме? Босаңсу байқалмады ма?
– Біз ойынды нашар бастадық, бұлай істеуге хақымыз жоқ. Мен мұндайды мүлдем қабылдай алмаймын. Ойынды әлі талдау керек – жігіттерге киім ауыстыратын бөлмеде мәселені ізін суытпай талқыламайтынымызды айттым. Бірақ міндетті түрде қайта қарап шығамыз, өйткені эмоциялардан бөлек, ең басты жол берген нәрсеміз – ол күрес пен құлшыныс. Жекпе-жектерде ұтылдық, дегенмен матчқа дайындалғанда қарсыластың бірге-бір күреске негізделген ойын көрсететінін ескерген едік. Олардың өз ұстанатын стилі бар. Өкінішке қарай, ойыншыларға жеткізе алмадық – бұл менің кінәм.
– Кадрлық дағдарыс жағдайында жанкүйерлер «Астана» сапында небәрі екі матч өткізген Дамир Маратты еске алуда. Бұл жалға беру келісімінің қаншалықты әлеуеті бар? Осы қаптал шабуылшысы сіздерге керек болмас па еді?
– Егер адам қазір командада болмаса, демек, солай болуы керек. Жарақатқа байланысты орталық шептегі ойыншымыз (Абдулай) Сиссе жоқ, қалғандары қосалқы құрамда. Жоғары міндеттерді шешу үшін құрамның басқаша тереңдігі қажет болса да, біз олардың әрқайсысы ойынымызды күшейтетінін білеміз. Бұл – алдағы күндердің еншісіндегі шаруа, ал бүгін физикалық тұрғыдан гөрі эмоционалды түрде ауыр болды. Бәрі мида жатыр. Ойыншы алмастыру арқылы ойынды жандандыруға тырыстық және қолда бар барлық мүмкіндіктерді пайдаландық. Өкінішке қарай, бізде басқа футболшылар жоқ. Бары осы. Шағымданбаймыз.
Еске сала кетейік, ҚПЛ-дың 27-туры аясындағы «Тобыл» мен «Елімай» арасындағы матч қонақтардың құрғақ жеңісімен аяқталды. Фессу Плакка мен Айбар Жақсылықов гол соқты. Осылайша, Мирослав Ромащенконың командасы чемпионат кестесінде бұрынғысынша жетінші орында қалып отыр.
«Осындай ойын болады деп ойламадық»: Карпович «Тобылды» жеңгені және Оразовтың бабы туралы
Әлишер Аманжол