Матч орталығы
ҚПЛ-2026 маусымының «гол+пас» жүйесі бойынша үздік ойыншысы анықталды
2 қараша, 14:22

Фото: Эдмилсон
Алматылық «Қайраттың» бразилиялық шабуылшысы Эдмилсон Қазақстан премьер-лигасының 2026 жылғы маусымында «гол+пас» жүйесі бойынша ең нәтижелі футболшы атанды, деп хабарлайды ASnews.kz.
Өткен чемпионатта ол 27 матч өткізіп, 10 гол соқты және жеті нәтижелі пас берді. Ол 17 нәтижелі әрекетімен турнирдің ең пайдалы ойыншыларының қорытынды тізімінде жеке-дара көш бастады.
Рейтингте екінші және үшінші орындарды 16 нәтижелі әрекеттен жинаған «Ордабасы» шабуылшысы Бьорн Йонсен мен «Қайраттың» испаниялық легионері Марк Гуаль өзара бөлісті. Норвегиялықтың еншісінде 14 гол мен екі пас бар, ал Гуаль 12 гол соғып, төрт ассист авторы атанды.
ҚПЛ-дың «гол+пас» жүйесі бойынша үздік бестігіне «Ордабасы» вингері Эльхан Астанов та енді (тоғыз гол және алты пас, барлығы – 15 нәтижелі әрекет). Ал бесінші сатыны 13 ұпайдан жинаған бірден төрт футболшы бөлісіп тұр: Урош Милованович (12 гол және бір ассист), Марин Томасов (11+2), Артур Шушеначев (10+3) және Жасұлан Әмір (8+5).
Әлім Динасылов