Матч орталығы
ҚПЛ-дың экс-легионері – Нани туралы: ол – менің кумирім, гол соққан кезде соның қимылын қайталадым
26 қаңтар, 16:27

Фото: Стэнли Нкоби
«Тұран» мен «Жетісу» клубтарының намысын қорғаған шабуылшы Стэнли Нкоби ASnews.kz сайтына берген сұхбатында Луиш Нанидің «Ақтөбеге» ауысу мүмкіндігіне қатысты ойымен бөлісті.
«Бала күнімде Нани менің кумирім болды. Оның ойынын және гол соққаннан кейін жасайтын дәстүрлі сальтосын қызыға тамашалайтынмын, кейін сол қимылды өзім де гол соққан кезде қолдана бастадым. Ол – өте қарапайым әрі мақсаты айқын футболшы. Өмірбаянын оқып, тереңірек таныған сайын, оған деген құрметің арта түседі.
Жақында Луиш Ресейдің медиалигасында ойнады, бірақ оның Қазақстанға келуі бүкіл әлемнің назарын аударатынына сенімдімін. Бұл арқылы өзге де топ-деңгейдегі ойыншылар ҚПЛ туралы біліп, алдағы уақытта чемпионатқа қосылуы мүмкін. Бұл – тек «Ақтөбе» жанкүйерлері үшін ғана емес, тұтас ел үшін үлкен қуаныш», – деді нигериялық футболшы.
Жергілікті БАҚ мәліметінше, 39 жастағы «Манчестер Юнайтедтің» бұрынғы вингері «қызыл-ақтардың» қатарына қосылуға өте жақын.
Нани кәсіби деңгейде соңғы рет 2024 жылы өнер көрсетті. МЮ-дан бөлек, «Спортинг», «Фенербахче», «Валенсия» және «Лацио» клубтарында доп тепті.
Бұған дейін Стэнли Нкоби грузиялық командаға не себепті ауыса алмай қалғанын айтып берген еді.
Сондай-ақ Нанидің бұрынғы командаласы португалиялық футболшының «Ақтөбеге» ауысуы мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді.
Әлишер Аманжол