Матч орталығы
«Мәселе деңгейде емес, қысымда»: Йонсен Чесноковтың Шотландияда неліктен тұрақтай алмағанын түсіндірді
27 қазан, 10:43

Фото: Ислам Чесноков және Бьорн Йонсен
Шымкенттік «Ордабасының» шабуылшысы Бьорн Йонсен ASnews.kz сайтына берген сұхбатында шотландиялық «Хартс» клубындағы мансабын еске алып, қазақстандық вингер Ислам Чесноковтың бұл командада неліктен ұзақ тұрақтай алмағаны туралы өз ойымен бөлісті.
– «Хартста» сіз Шотландия Премьершипінің айдың үздік ойыншысы атанған едіңіз. Ислам Чесноков ол жаққа қаңтар айында «Тобылдан» ауысты, бірақ жарты жылдан кейін-ақ командадан кетіп қалды. ҚПЛ-дан Шотландия лигасына ауысу қаншалықты үлкен секіріс?
– Мен былай дер едім: шеберлік деңгейі жағынан бізде ол лигада ойнай алатын футболшылар бар. Исламның бұған қауқары жететіні түсінікті, мәселе оның ойын сапасында емес. Мәселе – қысымда. Англия мен Шотландияда жұрт футболмен өмір сүреді. Егер команда матчт ұтылса, жанкүйерлер апта бойы ашулы жүреді. Бұл мүлдем басқа қысым. Мысалы, «Хартс» толығымен жанкүйерлерге тиесілі. Олар алаңда болып жатқанның бәрін жүрегінен өткізеді, сонымен тыныс алады. Олар клубтың өмір сүруіне негіз болып отырған өз ақшаларын төлейді. Сондықтан «Хартстағы» жағдай басқа жерлерден өзгеше. Кейде бұл адамды психологиялық тұрғыдан қатты қысып тастайды.
Менің өзім де мұны бастан өткердім. Менде маусымның басталуы керемет болды – шамамен сегіз матчта алты гол соғып, төрт ассист жасаған едім. Ал қаңтардан жазға дейін бар-жоғы бір доп соғып, үш нәтижелі пас бердім, өйткені қысым орасан зор болды. Жаңа бапкер келді, ал ол жақтағы жанкүйерлер тіпті жынды дерсің. Қалада кетіп бара жатсаң, олар сенен: «Сен неге үйден шықтың өзі? Саған ойынға назар аудару керек қой», – деп сұрайды. Осындай көптеген ұсақ-түйектердің кесірінен өзіңді ешкімге керексіз сезінуің мүмкін. Бұл сенің оларға ұнамағаныңнан емес, жай ғана олардың футболға деген құмарлығы шексіз. Мәселе ойын деңгейінде емес, осы қысымға төтеп бере алу қабілетінде.
Исламның Шотландияда көбірек уақыты мен мүмкіндігі болмағаны өкінішті. Оған сенбегендіктен немесе деңгейі төмен болғандықтан аз ойнады деп ойламаймын. Өздеріңіз көріп отырсыздар, ол қазір Ресейде өте жақсы ойнап жүр, ал Ресей лигасы – өте қиын чемпионат. Сондықтан бұл жай ғана уақыттың сәйкес келмеу мәселесі. Футболды кейде түсіндіру қиын: сәтсіз кезең, бапкер немесе стадион сәйкес келмеуі мүмкін. «Селтикке» қарсы бір ғана тамаша матч өткізсең болды – сені бірден АПЛ клубы алып кетеді.
Айта кетейік, Ислам Чесноков шотландиялық «Хартс» сапында 2026 жылдың қаңтарынан маусымына дейін өнер көрсетті. Қазақстандық вингер 11 матч өткізіп (орта есеппен алаңда шамамен 40 минут болған), Кубокта бір жеңіс голын соқты және елдің вице-чемпионы атанды. Жазда футболшы қостанайлық «Тобылға» оралды, ал қазіргі уақытта жалға алу құқығымен самаралық «Крылья Советов» намысын қорғап жүр.
Ал Бьорн Йонсеннің өзі «Хартста» 2016/17 жылғы маусымда ойнап, 34 матчта 6 голмен көзге түскен болатын.
Йонсен «Ордабасыға» ауысар алдында Сауд Арабиясындағы сәтсіз кезеңінің себебін түсіндірді
Әлім Динасылов