Матч орталығы
Йонсен «Ордабасыға» ауысар алдында Сауд Арабиясындағы сәтсіз кезеңінің себебін түсіндірді
26 қазан, 21:05

Фото: Бьорн Йонсен
Шымкенттік «Ордабасының» шабуылшысы Бьорн Йонсен ASnews.kz сайтына берген сұхбатында сауд арабиялық «Аль-Вехда» клубында өнер көрсеткен кезеңі туралы айтып, Қазақстанға ауысар алдында команданы неліктен ауыстыруға мәжбүр болғанын түсіндірді.
– Сіздің мансабыңызда Кутаиси мен Шымкенттің арасында Сауд Арабиясы болды. Ол жақта неге жолыңыз болмады?
– Себептер көп болды, жалпы алғанда бұған мен кінәлі емеспін. «Аль-Вехда» – өте үлкен клуб, Сауд Арабиясындағы тарихы бай ұжымдардың бірі. Меніңше, олар жергілікті лиганың алғашқы чемпиондары болған, сондықтан ол жақта үміт пен талап әрдайым жоғары. Команда ол кезде жоғары дивизионнан енді ғана түсіп қалған еді, сәйкесінше бізден бірден жоғарыға оралуды күтті. Бұл менің де басты мақсатым болатын. Өкінішке қарай, бізге екі ұпай жетпей қалды, сөйтіп маусымның соңғы матчында плей-офф аймағынан қалып қойдық. Осылайша, алға қойылған міндетті орындау мүмкін болмады.
Ал одан кейін клубта көп нәрсе өзгерді – жаңа қожайын келді. Футболда мұндай жағдайдың қалай болатынын білесіз ғой: мұндайдан кейін әдетте құрам толығымен өзгереді. Жақында «Астанада» да осындай жағдай болды. Мен осы өзгерістердің қақ ортасында қалдым. Бірақ, шынымды айтсам, қазір бәрінің осылай болғанына өте қуаныштымын, өйткені соның арқасында осында келе алдым.
Айта кетейік, норвегиялық футболшы «Ордабасы» сапына маусым барысында қосылып, чемпиондық бәсекеде команданың негізгі ойыншысына айналды. Қазақстан премьер-лигасының биылғы маусымында шабуылшы 17 матч өткізіп, 14 гол соқты және үш нәтижелі пас берді.
Еске салайық, 29-тур қорытындысы бойынша шымкенттік клуб мерзімінен бұрын ҚПЛ-2026 алтын медальдарына кепілдік берді. Бұл ең жақын келе жатқан алматылық «Қайраттың» ұпай жоғалтуынан кейін мүмкін болды – мәреге бір тур қалғанда «Ордабасы» қарсыласынан төрт ұпайға ұзап, турнирлік кестеде қол жетгізбес деңгейге көтерілді.
«Мартин чемпион боламыз деп сендірді»: Йонсен «Ордабасыға» ауысуы туралы
Әлім Динасылов