Матч орталығы
«Қазақстанды жеңуіміз керек еді»: Бьорталид – Ұлттар лигасындағы тең ойын жайлы
6 қазан, 22:06

Фото: Йоаннес Бьярталид
Петропавлдық «Қызылжар» мен Фарер аралдары құрамасының жартылай қорғаушысы Йоаннес Бьорталид ASnews.kz тілшісіне берген сұхбатында Қазақстанға қарсы тең нәтиже (2:2) жайлы пікір білдірді.
– Йоаннес, бүгінгі тең нәтиже сіздер үшін жақсы көрсеткіш пе, әлде жеңіске жетуге мүмкіндік болды ма?
– Әрине, бүгін біз жеңуіміз керек еді. Өте жақсы ойын көрсеттік деп ойлаймын. Өздеріңіз көргендей, 2:0 есебімен алда тұрдық. Содан кейін қызыл қағаз алдық, бірақ білмеймін, ол жерде екі сары қағаз болған шығар. Мүмкін қызыл қағаз шығар, мүмкін олай емес. Одан кейін есеп теңесті, Қазақстаннан да ойыншы қуылды. Жалпы алғанда, біз жеңіске лайық едік. Сондықтан бүгін бір ұпай алғанымызға көңіліміз толмайды.
– Қазір сіздерде төрт ұпай бар. В лигасына шығу мүмкіндіктерін қалай бағалайсыз?
– Қазір Словакия өте жақсы бастағандықтан, бұл қиын болатын сияқты. Олар бүгін түнде Молдовамен ойнайды, егер жеңсе, бірінші орын солардікі болады. Словакия бірінші болады, ал қалған командалар екінші орын үшін таласады. Егер Словакия жеңсе, екінші орынға таласуға барлық мүмкіндігіміз бар деп ойлаймын. Осы төрт ойыннан кейін бізде бұдан да көп ұпай болуы керек еді. Бірақ қолда бары осы. Біз әлі бірде-бір рет жеңілген жоқпыз, бұл да жаман емес.
– Қазақстан бұл матчта бес қорғаушымен ойнайды деп күттіңіздер ме?
– Біз бұл туралы сөйлескенбіз, бірақ олардың бұлай ойнағанына аздап таң қалдық. Бүгін ойнау басқаша болды. Фарер аралдарындағы бірінші ойынмен салыстырсаңыз, айырмашылығы бар, бірақ бұл бізге қолайлы болды деп ойлаймын, өйткені ойын көбірек жекелей (адамға қарсы адам) форматқа ауысты. Бұл бізге тиімді болды және жақсы төтеп бердік. Қызыл қағаз алғанша 2:0 есебімен алда болдық. Содан кейін ойын өзгеріп кетті.
– Кешегі баспасөз мәслихатынан кейін нағыз жұлдыз болдыңыз. Көптеген адамдар хабарлама жазған болар?
– Иә, маған түрлі хабарламалар келді – жағымсыз пікірлер де, қолдау білдіргендер де болды. Өздеріңіз білетіндей, мен Қазақстанның солтүстік өңірінде тұрамын. Онда қазақ тіліне қарағанда орыс тілі көбірек қолданылады. Көңіліне қаяу түскен адамдардан тағы да кешірім сұрағым келеді. Менің ешқандай жаман ойым болған жоқ. Ол сөзді қазақ немесе орыс тілі екенін ажырата алмадым, әлі де айырмашылығын толық түсінбеймін. Сондықтан орысша сөзді айтып, оны «білетін жалғыз қазақша сөзім» дегенім үшін кешірім сұраймын. Бәлкім, маған қазақ тілінен қосымша сабақ алу керек шығар.
– Енді осында қалып, ертең Петропавлға ораласыз ба?
– Жоқ, мен Астанада қаламын. Командалас жігіттер осында келеді, өйткені сенбі күні «Ертіспен» ойынымыз бар. Олар бейсенбіде жолға шығады, ал мен Астанада қалып, соларды күтемін.
– Бүгінгі ауа райы Фарер аралдарындағыдай болды ма?
– Иә, бірақ бұл стадион жабық болғандықтан, онша сезілмейді. Жел мен жаңбыр жоқ, алайда далаға шықсаңыз, дәл Фарердің ауа райы дерсіз. Бұл біз үшін жақсы болды. Жасанды шөп, ауа райы да бізге таныс. Сондықтан бәрі Фарерде ойнағандай болды.
Еске сала кетейік, Қазақстан мен Фарер аралдары құрамалары арасындағы УЕФА Ұлттар лигасының төртінші тур матчы 2:2 есебімен тең аяқталды.
ҚПЛ-да петропавлдық «Қызылжар» сапында өнер көрсететін Йоаннес Бьорталид ойын қарсаңында баспасөз мәслихатында қазақша амандасуды шатастырып алып, көпшілік назарына іліккен болатын, кейін ол бұл әрекеті үшін қазақстандық жанкүйерлерден ресми түрде кешірім сұрады.
Өткен ойында 30-жасар ойыншы голдық пас беріп, толық матч өткізді.
«Ұтылмағанымызға шүкір»: Қазақстан құрамасының көшбасшысы – Фарермен тең ойын туралы
Әлім Динасылов