«Ордабасының» жаңа шабуылшысы кім? Виктор Бонифейс, өмірбаяны, жетістіктері және жалақысы

20 қараша, 16:22

«Ордабасының» жаңа шабуылшысы кім? Виктор Бонифейс, өмірбаяны, жетістіктері және жалақысы

Фото: Виктор Бонифейс

«Ордабасы» Нигерия құрамасының шабуылшысы Виктор Бонифейспен күшеюі мүмкін – шымкенттіктердің жаңа бас бапкері Карел Герартс футболшыны Қазақстанға шақырып қойған.

ASnews.kz авторы 25 жастағы форвардтың кім екенін, «Байердегі» негізгі құрамнан неге шеттетілгенін және бүгінде қанша тұратынын баяндайды.

Казарма, Кипр және Норвегия

Виктор Око Бонифейс 2000 жылдың 23 желтоқсанында Нигерияның Акуре қаласында дүниеге келген. Бойы – 190 см, алаңдағы орны – орталық шабуылшы. Өз сөзіне сүйенсек, футбол ойнауды әскери казармада үйренген.

Алғашқы клубы нигериялық Real Sapphire академиясы болды. 2018 жылдың қаңтарында Бонифейс Кипрдің «Лефке» клубына жалға кетіп, үш матчта үш гол соқты да, шілдеде Нигерияға қайта оралды.

2019 жылдың наурызында оны норвегиялық «Будё-Глимт» өз қатарына қосты, алайда шабуылшы бірден дерлік тізе сіңірлерін зақымдап алды. Чемпионаттағы дебюті тек қыркүйекте өтті. Жалпы, норвегиялық клуб сапында нигериялық форвард лигада 48 матч өткізіп, 13 гол соқты.

Бәрін өзгерткен Герартспен өткен бір маусым

2022 жылдың тамызында Бонифейс бельгиялық «Юнион Сен-Жилуаз» клубына ауысып, төрт жылдық келісімшартқа қол қойды. Бұл маусымды ол Карел Герартстың жетекшілігімен өткізді – бельгиялық маман үшін бұл бас бапкер ретіндегі алғашқы жұмыс орны еді.

Бельгия чемпионатында шабуылшы 37 ойынға қатысып, тоғыз гол соқты және сегіз нәтижелі пас берді. Дегенмен оны нағыз танымал еткен Еуропа лигасы болды: алты гол (оның ішінде берлиндік «Унион» қақпасына соққан дублі бар) және Маркус Рэшфордпен бөліскен турнирдің үздік сұрмергені жүлдесі. Маусым қорытындысы бойынша Бонифейс Еуропа лигасының символикалық құрамасына енді.

Герартс 2023 жылдың жазында жаңа келісімшарт бойынша ортақ мәмілеге келе алмай, «Юнионнан» кетті. Дәл сол уақытта клубтан Бонифейс те кеткен еді.

«Байер»: 21 гол, чемпиондық титул және айқаспалы сіңірге жасалған екі ота

Нигериялық футболшыны леверкузендік «Байер» 20 млн еуроға сатып алып, 2028 жылдың жазына дейін келісімшарт жасасты. Алғашқы маусымы-ақ мансабындағы ең үздік кезеңге айналды: барлық турнирдегі 34 матчта 21 гол және тоғыз нәтижелі пас, Бундеслигада 14 доп соғып, чемпионаттағы клубтың үздік бомбардирі атанды. Сол маусымда «Байер» бірде-бір рет жеңілмей, тарихында тұңғыш рет Германия чемпионы болды.

Бонифейс Бундеслиганың символикалық құрамасына кіріп, маусымның үздік жаңа ойыншысы жүлдесін иеленді. 2024 жылдың қазанында Чемпиондар лигасындағы алғашқы голын дәл осы «Милан» қақпасына соқты.

Кейін тізе жарақаттары басталды. 2024/25 жылғы маусымда форвард 27 матч өткізіп, 11 гол мен екі нәтижелі пас авторы атанды, бірақ ол кезде оның басынан алдыңғы айқаспалы сіңірге жасалған екі бірдей ота өткен болатын.

Жүзеге аспай қалған «Милан» және зая кеткен маусым

2025 жылдың тамызында «Милан» мен «Байер» Бонифейсті сатып алу құқығымен жалға беру туралы келісімге келді. Алайда мәміле бұзылды: нигериялық ойыншы дәл осы тізесінің жағдайына байланысты медициналық тексеруден өте алмады.

Шабуылшы әлеуметтік желіде жазба жариялап, айналасындағыларды «сайқымазақтарға» теңеді, кейін Фабрицио Романоға бұл реніші клубтарға емес, нигериялық БАҚ-қа бағытталғанын жазып, жазбасын өшіріп тастады. Кейінірек «Милан» одан жарақаттарына байланысты бас тартқанын ашық айтты.

2025 жылдың 1 қыркүйегінде сол кезде Эрик тен Хаг жаттықтырған «Байер» Бонифейсті «Вердерге» жалға берді. Маусым сәтсіз өтті: 11 матч, бірде-бір гол жоқ, тек екі нәтижелі пас. Желтоқсанда оның тізесінен тағы бір жарақат анықталып, ота жасатуға тура келді, толыққанды жаттығуларға тек көктемде оралды. Бременнен кетерде форвард әлеуметтік желіде: «Мен үшін ессіз маусым болды, өте көп жайт орын алды», – деп жазды.

Қазіргі маусымда Бонифейс «Байерде» Патрик Шик пен Кристиан Кофаннан кейінгі үшінші шабуылшы саналады. Бундеслигада небәрі екі матчта шамамен 15 минут қана алаңға шықты, ал Еуропа лигасының өтініміне мүлдем енгізілген жоқ.

Қанша табыс табады және бағасы қандай?

Бонифейстің нарықтық құны кез келген басқа нигериялық футболшымен салыстырғанда әлдеқайда қатты құлдырады. Transfermarkt деректері бойынша, қазір форвард 5 млн еуроға бағаланады – ал жарақаттарға дейін оның құны 40 млн еуро болған. Ең жоғары көрсеткіші шамамен 50 млн еуроға дейін жеткен.

Capology бағалауынша, өткен маусымда нигериялық ойыншының жалақысы жылына шамамен 2,83 млн еуроны құраған – бұл бонустарды есептемегенде аптасына шамамен 54 мың еуро. Дәл осы сервис оның бүкіл мансабындағы жиынтық табысын 14,6 млн еуро деп есептейді.

Құрама және жеке өмірі

Бонифейс Нигерия құрамасындағы дебютін 2023 жылдың 10 қыркүйегінде алмасудан алаңға шығып, нәтижелі пас берумен бастады. Оның еншісінде 13 матч бар, бірақ әлі гол соқпаған. Бұлшықет жарақатына байланысты 2024 жылғы Африка ұлттар кубогынан тыс қалды – оның орнына турнирге Терем Моффи барды.

Бонифейс – христиан дінін ұстанады, өзінің кумирі ретінде Неймарды атайды және голдарды ерекше тойлауымен танымал. Сарапшылар оның мықты тұстары ретінде дриблингті, шабуылды түйіндеуді және баспен ойнауды атап өтсе, әлсіз жақтарына офсайд кезіндегі позицияны сезіну мен допсыз жұмыс істеуді жатқызады.

Еске сала кетейік, журналист Флориан Плеттенбергтің ақпаратынша, «Байер» Бонифейске қатысты екі сұраныс алған және жалға беруді де, толыққанды сатуды да қарастыруға дайын – тіпті трансфер сомасын бірден төлеуді міндетті шарт ретінде қоймайды. Футболшының өзі де қаңтарда-ақ командадан кеткісі келеді. Клубтың спорт директоры Симон Рольфес қысқы ауысымның «әбден мүмкін екенін» растап, нигериялықтың толықтай сау екенін және маусым айынан бері жалпы топта жаттығып жүргенін ерекше атап өтті.

Қоса кетсек, қазақстандық журналист Эльдар Аманбаевтың мәліметінше, «Ордабасы» басшылығы ойыншыны жазғы трансферлік терезеде жалға алу немесе сатып алу нұсқаларын қарастырып жатыр – клуб Чемпиондар лигасы матчтары басталар алдында құрамды күшейткісі келеді. Бонифейстің «Байермен» келісімшарты 2028 жылдың маусымына дейін есептелген.

Басты жаңалықтар

ҚПЛ  20 қараша, 16:22

«Ордабасының» жаңа шабуылшысы кім? Виктор Бонифейс, өмірбаяны, жетістіктері және жалақысы

1
ҚПЛ  20 қараша, 15:33

«Елімай» шабуылшысы Карповичтің кетуі туралы: бұны ешкім күтпеген еді

2
ҚПЛ  20 қараша, 13:44

Андрей Мартин: «Ордабасыдан» кеткеннен кейін үзіліс алмаймын

3
ҚПЛ  20 қараша, 12:21

«Ақтөбе» жаңа маусымға бас бапкерін анықтады

4
ҚПЛ  20 қараша, 10:10

«Алтайды» кім басқарады: клубтың жаңа инвесторы «AN Groups» туралы не белгілі

5
Ұлттық құрама  20 қараша, 08:20

Қазақстан құрамасының бапкерлігіне үміткер болған маман Катарға тағайындалуға жақын

6
Барлық жаңалықтар

Турнирлік кесте

Қазақстан Премьер-Лигасы
#
Команда
О
Ж
Т
Ұ
+/-
Ұпай
1
ОрдабасыОрдабасы
30
21
5
4
36
68
2
ҚайратҚайрат
30
19
8
3
37
65
3
АстанаАстана
30
15
9
6
17
54
4
ОқжетпесОқжетпес
30
16
6
8
11
54
5
АқтөбеАқтөбе
30
14
7
9
8
49
6
ЕлімайЕлімай
30
12
9
9
-1
45
7
ТобылТобыл
30
12
5
13
0
41
8
ЖеңісЖеңіс
30
9
9
12
-8
36
9
ҰлытауҰлытау
30
9
8
13
-11
35
10
ҚызылжарҚызылжар
30
9
6
15
-11
33
11
КаспийКаспий
30
9
6
15
-12
33
12
ЕртісЕртіс
30
8
8
14
-13
32
13
АтырауАтырау
30
6
12
12
-8
30
14
АлтайАлтай
30
6
10
14
-11
28
15
ЖетісуЖетісу
30
6
9
15
-18
27
16
ҚайсарҚайсар
30
4
13
13
-16
25