Матч орталығы
«Кенжебек өз үйіне оралғандай»: Қараман – Словакиямен өтетін ойын жайлы
28 қыркүйек, 22:36

Фото: Дінмұхаммед Қараман
Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Дінмұхамед Қараман Ұлттар лигасының екінші туры аясында Словакияға қарсы өтетін матч алдында команданың дайындығы мен Ғалымжан Кенжебектің ерекше мотивациясы туралы айтып берді, деп хабарлайды ASnews.kz.
Команданың дайындығы
«Бұл – сырт алаңдағы екінші маңызды ойынымыз. Жігіттер матчқа жүз пайыз дайын. Ойын күндері өте тығыз болғандықтан, тез қайта құрылып, бейімделіп, өз дайындығымызды барынша көрсетуіміз керек. Қарсыластың орталық шептегі ойыншылары өте жоғары сапалы, мықты чемпионаттарда өнер көрсетеді. Бапкерлік штабымыз оларға қарсы қалай ойнау керектігін және қандай тактика қолданатынымызды толық көрсетіп, түсіндіріп жатыр».
Ғалымжан Кенжебектің Кошицедегі матчы туралы
Сондай-ақ ASnews.kz тілшісі Қараманнан оның командаласы Ғалымжан Кенжебектің дәл осы стадионда «Кошице» сапында ойнап, «Слован» қақпасына соққан голы туралы сұрады.
«Годи (Ғалымжан Кенжебектің лақап аты – ред.) – құрамадағы бөлмелесім. Екеуміз күнде сөйлесеміз, ол бұл ойынды қатты күтіп жүр. Бұл кездесу ол үшін өте маңызды, себебі ол өз үйіне оралғандай болды десек те қателеспейміз. Ғалымжан ертең осы стадиондағы жанкүйерлерге өзінің нағыз ойынын көрсетуге барын салады», – деп жауап берді жартылай қорғаушы.
Еске сала кетейік, Ғалымжан Кенжебек 2025 жылы Словакия чемпионатында жергілікті «Кошице» ФК сапында өнер көрсеткен.
Словакия мен Қазақстан құрамалары арасындағы матч 29 қыркүйекте дәл осы «Кошице футбол аренасында» өтеді. Бастапқы ысқырық Астана уақытымен 23:45-те естіледі.
Әлім Динасылов