Матч орталығы
«Жоғары мақсат қоятын команда іздеймін»: Андрей Мартин – ҚПЛ-ға оралу туралы
23 қараша, 09:45

Фото: Андрей Мартин
Шымкенттік «Ордабасының» бұрынғы бас бапкері Андрей Мартин қазақстандық клубтар тарапынан туындаған қызығушылыққа пікір білдіріп, ҚПЛ-да жұмысын жалғастыру үшін қандай шарттарды қарастыруға дайын екенін айтты, деп хабарлайды ASnews.kz.
«Ең бастысы – маған деген қызығушылықтың бары қуантады. Бұл екі жылдың текке кетпегенінің және Шымкентте өзіндік із қалдырғанымның арқасы болар. Кем дегенде, жанкүйерлер әлі күнге дейін жазып, еңбегімді бағалап, бірге жұмысымызды жалғастырмағанымызға өкініш білдіруде – қолдаулары үшін оларға үлкен алғыс айтамын.
Болашаққа келер болсақ, қазір аздап демалып, кем дегенде бір апта бойы футбол туралы ойламай, сергіп алғым келеді. Бірақ мен баспасөзде мансабымның жаңа кезеңі үшін Қазақстанды қуана қарастыратынымды айтқан болатынмын. Бәрі қалай боларын көреміз. Мен үшін басшылық тарапынан сенім мен қолдаудың болуы, бір бағытта бірге алға жылжуымыз өте маңызды. Өзім амбициялы маманмын, сондықтан алдына нақты міндеттер қоятын және ең биік мақсаттарға ұмтылатын команда тапқым келеді», – деді Мартин «CCardinal» арнасына берген сұхбатында.
Бапкер клубтармен нақты келіссөздер жақын арада басталуы мүмкін екенін де атап өтті.
«Аздап сабыр сақтау керек. Менің ойымша, алдағы апталарда нақты іске көшуіміз мүмкін – әзірге клубтар бақылап, менің өкілдеріммен сөйлесе бастады. Түбінде бәрі маған да, өз мақсаттарына жетуді көздейтін клубқа да тиімді түрде шешіледі деп үміттенемін», – деп түйіндеді 52 жастағы маман.
Еске сала кетейік, Андрей Мартин «Ордабасыны» 2024 жылдың желтоқсанынан 2026 жылдың қарашасына дейін жаттықтырды. Оның жетекшілігімен шымкенттік клуб өз тарихында алғаш рет «алтын дубль» жасап, Қазақстан чемпионаты мен ел Кубогын жеңіп алды.
Андрей Мартин Қазақстан құрамасының бас бапкері болу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді
Әлім Динасылов