Матч орталығы
«Өз мүмкіндіктерімізді табамыз»: Ван ’т Схип – Словакиямен өтетін матч, Исламхан және құрама сапы туралы
28 қыркүйек, 22:23

Фото: Джон ван 'т Схип
Қазақстан құрамасының бас бапкері Джон ван ’т Схип матч алдындағы баспасөз мәслихатында Ұлттар лигасының екінші туры аясында Словакияға қарсы өтетін сырт алаңдағы ойыннан күтетін үміттерімен бөлісті, деп хабарлайды ASnews.kz.
Фаворит мәртебесі және Словакияның күші
«Бұл – топтағы екінші ойынымыз, тағы да сырт алаңда, бұл жолы Молдованы жеңіп үлгерген Словакияға қарсы ойнаймыз. Бізді рейтингі ең жоғары әрі төрттіктің басты фаворитіне қарсы қиын матч күтіп тұрғаны түсінікті. Мен олардың молдовалықтарға қарсы ойынын көрдім және қалай әрекет ететінін білемін. Олардың барлық позициясында тәжірибелі футболшылар және сенімді қорғаныс шебі бар. Өтпелі кезеңдерде олар әсіресе қауіпті: шабуылға өте жылдам әрі өткір шыға алады. Мен словактардың құрамындағы нақты есімдерді бөліп айтпаймын, оның қажеті жоқ. Олардың командасы мықты және ойын тағдырын шеше алатын шеберлері бар.
Үш ұпай керек деп мәлімдеген словакиялық бапкерді түсінемін. Олар өз алаңында ойнайды және фаворит саналады. Бірақ бұл – футбол. Біз күресе білеміз және жақсы ойын көрсете аламыз. Біз олардың прессингіне төтеп беріп, допты жоғалтпай әрекет етудің жолын табуымыз керек. Әр ойын мүмкіндіктерге толы, ертеңгі матч та солай. Біздің міндетіміз – осы мүмкіндіктерді тауып, оларды пайдалану».
Фарер аралдарындағы ойынмен айырмашылығы
«Барлық жағдайды ескерсек, Фарер аралдарында біз ойынды жүйке жұқартып бастадық, бірақ матч барысында ойынды өз бақылауымызға алдық. Иә, біз көп мүмкіндік жасай алмадық, бірақ бастама үшін 1:1 – жақсы нәтиже. Ол жаққа бару ауа-райы сияқты қиынға соқты. Оған қоса кейбір ойыншылар үйреніп қалған, ал кейбіріне жасанды көгал да өз әсерін тигізді.
Ертең біз табиғи алаңда ойнаймыз. Ауа райы жақсырақ, бірақ қарсылас та мықты. Футболшы ретінде сен әрдайым күш сынасқың келетін мықты командаларға қарсы матчтарды асыға күтесің. Қазір қалыпқа келу жоспар бойынша жүріп жатыр, құрамда айтарлықтай проблемалар жоқ. Ұжымдағы энергетика керемет. Кешкі жаттығудан кейін барлық футболшылар ертеңгі шайқасқа дайын болады деп үміттенемін. Барлық жігіттер жақсы матч өткізетінімізге сенімді».
Бауыржан Исламханның рөлі
«Исламхан – өте жақсы әрі тәжірибелі футболшы. Құрама ойыншылары оны қатты құрметтейді. Ол алаңда да, одан тыс жерде де тамаша көшбасшылық қасиеттерін көрсетіп жүр. Фарер аралдарына қарсы матчта ол алмастырғанымызға дейін аянбай тер төкті. Ол дұрыс үлгі көрсетуде, ал біз өз капитанымыздан дәл осыны көргіміз келеді».
Дадаев пен Поповтың шақыртылмауы туралы
«Қазіргі уақытта мен Ибрагим Дадаев пен Сейф Поповты шақыру мүмкіндігін қарастырып отырған жоқпын. Мен қазіргі құрамымызға толық сенімдімін. Біз әрбір ойыншыны қадағалап отырмыз, бірақ қазір мұнда жоқ адамдар туралы айтудың қажеті жоқ. Бізде команда қарамағында жүрген футболшылар бар және мен олардың қабілеттеріне толық сенемін. Ендігі олардың міндеті – ұлттық құрама сапында өнер көрсетуге лайық екендіктерін алаңда дәлелдеу».
Еске сала кетейік, Словакия мен Қазақстан құрамалары арасындағы Ұлттар лигасының екінші тур матчы 29 қыркүйекте «Кошице футбол аренасында» өтеді. Бастапқы ысқырық Астана уақытымен 23:45-те естіледі. Кездесуді Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
«Қарсыласты жақсы білемін»: Вайсс – Қазақстан құрамасы, «Ақтөбе» және Исламхан туралы
Әлім Динасылов