Матч орталығы
«Шабуылдаушы футболды жақсы көреді»: Бельгияда Герартстың «Ордабасыға» тағайындалуына пікір айтылды
23 қараша, 16:41

Фото: Карел Герартс
Бельгиялық сарапшы әрі HLN басылымының шолушысы Томас Таке ASnews.kz сайтына берген сұхбатында отандасы Карел Герартстың шымкенттік «Ордабасының» бас бапкері қызметіне тағайындалуына қатысты пікір білдірді.
«Бұл бәріміз үшін күтпеген жаңалық болды. Ол біраз уақыт бапкерлік тәжірибесіз үйде отырғанына және бельгиялық маманның, былайша айтқанда, экзотикалық сапар үшін шетелге аттануы бірінші рет емес екеніне қарамастан, бұл шешім шынымен де таңғалдырды жағдай еді. Бұған дейін оған ол өзі бас тартқан ұсыныстар түскен болатын, сондықтан бұл қадамға баруына белгілі бір мотивациясы бар деп ойлаймын.
Артқа жасалған қадам ба? Бұған қай қырынан қарағанға байланысты. Әрине, сіздің еліңізді құрметтеймін, бірақ еуропалық клубтық футболдың ауқымы қазақстандық футболдан кеңірек, бірақ қаржылық тұрғыдан да, жаңа белесті бағындыру мүмкіндігі ретінде де бұл қызықты нұсқа. Екінші жағынан, қолайсыздықтар да бар – мәселен, отбасылық тұрғыдан, өйткені ол жақындарынан жырақта болады. Сондықтан көңіл-күйі сәл екіұшты деп ойлаймын. Оның үстіне «Ордабасыны» Чемпиондар лигасына шығару – ол үшін тамаша мүмкіндік. Шілдеде команда іріктеу кезеңін бастайды, «Астана» мен «Қайраттан» кейін негізгі кезеңге жолдама алса, керемет болар еді. Бұл – оның алдында тұрған жақсы мақсат», – деді Таке.
Сондай-ақ сарапшы «Юнион», «Шальке 04» және «Реймстің» бұрынғы бапкерінің ойын стилі мен қасиеттеріне сипаттама берді.
«Бапкер ретінде ол тактикалық тұрғыдан өте мықты және команданы сендіре алады, өз идеяларын ойыншыларға жеткізе біледі. Футболшы болған кезінде ол әрдайым жұмысшы менталитеті мықты командаларда – яғни «халықтық» клубтарда ойнады, сол психология оның өз бойында да сақталған. Ол – нағыз күрескер, алаңда да сондай болды әрі жақсы техникаға ие еді. Герартс шабуылдаушы, сапалы футбол қойғанды ұнатады және жұмысына барынша беріледі. Оның Еуропадан кетіп, артқа қадам жасауы ол толықтай еңбек етпейді дегенді білдірмейді – ол алға қойылған мақсаттарға жету үшін күн сайын жүз пайызға беріледі», – деп атап өтті сарапшы.
Еске сала кетейік, Карел Герартс шымкенттік «Ордабасының» тізгінін ұстап, бұл қызметте молдовалық маман Андрей Мартинді алмастырды. Бұған дейін бельгиялық бапкер «Юнион Сент-Жиллуаз», германиялық «Шальке 04» және франциялық «Реймс» клубтарын жаттықтырған.
Айта кетейік, 2026 жылғы маусымның қорытындысы бойынша «Ордабасы» Қазақстан премьер-лигасы мен ел Кубогын жеңіп алып, «алтын дубль» жасады және келесі жылы еурокубоктағы жолын УЕФА Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінен бастайды. Бұған дейін Еуропаның басты клубтық жарысының жалпы немесе топтық кезеңіне қазақстандық командалардан тек «Астана» (2015/16) мен алматылық «Қайрат» (2025/26) қана шыққан болатын.
«Жоғары мақсат қоятын команда іздеймін»: Андрей Мартин – ҚПЛ-ға оралу туралы
Әлім Динасылов