Матч орталығы
Дастан Сәтпаев өнер көрсететін «Бернлидің» сәтсіздік себептері аталды
4 қазан, 14:20

Фото: Дастан Сәтпаев
Ағылшындық «Бернлидің» бас бапкері Ники Хайен Чемпионшиптің жаңа маусымында команданың сәтсіз басталу себебін түсіндірді.
Бельгиялық маманның айтуынша, нәтижелерге дайындық уақытының тапшылығы мен құрамдағы айтарлықтай өзгерістер әсер еткен, деп хабарлайды Burnley Express басылымына сілтеме жасаған ASnews.kz.
Трансферлер мен маусымалды дайындықтың жоқтығы туралы
«Біріншіден, маусымалды дайындықты өткізген кезде бізбен бірге басқа да көптеген футболшылар болды, ал кейін командаға көп жаңа ойыншы келді. 15 ай немесе екі жыл бойы ойнамаған, толыққанды маусымалды дайындықсыз қалғандар да болды. Тіпті Джейми Варди бізбен тек бір апта ғана жаттығу өткізді – бұл да біздің шынайы жағдайымыздың бір бөлігі», – деп атап өтті Хайен.
Тығыз кесте
«Маусым 16 тамызда басталды, сондықтан бізде ұзақ жұмыс істеуге уақыт болмады. Аптасына бір рет ойнаған оңайырақ болар еді, бірақ біз бірден апта ортасында матчтары бар тығыз кестеге тап болдық, сол себепті жігіттермен толыққанды жаттығу өткізуге мүлдем уақыт болмады. АҚШ-та бір топпен ойын қағидаларын пысықтадық, ал кейін бізде қорғаныс шебі толығымен дерлік жаңарып, бәрін басынан бастауға тура келді.
«Бристоль Сити» мен «Дербиге» қарсы матчтарда жеңіске жете алатынымызды сездік. Тіпті «Мидлсбромен» өткен ойынның екінші таймында біз үздік команда болдық. Біздің еншімізде төрт-бес ұпай көбірек болуы мүмкін еді, бірақ шындық басқаша. Соңғы бірнеше апта бойы барлығын қалыпқа келтіру, негізгі дүниелермен жұмыс істеп, мықтырақ болу үшін бізге осы халықаралық үзіліс қажет екенін ашық айтып жүрдім», – деп қосты бельгиялық бапкер.
2026/27 маусымында ағылшындық «Бернли» Чемпионшипте өнер көрсетіп жатыр. Қазіргі таңда Ники Хайен шәкірттері айтарлықтай қиындықтарды бастан кешіруде: команда маусым басталғалы бірде-бір жеңіске жеткен жоқ және турнир кестесінің ең соңғы, 24-орынында келеді.
«Бернли» намысын жалға алу құқығымен 18 жастағы қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаев қорғап жүр. 2026 жылдың жазында форвард лондондық «Челсимен» 2033 жылға дейін ұзақ мерзімді келісімшартқа отырып, кейін осы маусымның соңына дейін «алқызылдар» сапына жалға берілген болатын.
Сәтпаев «Бернли» сапында Чемпионшипте үш матч және Лига кубогында бір кездесу өткізіп үлгерді. Қыркүйек айында «Мидлсброға» қарсы өткен ойында (1:1) қазақстандық футболшы санының артқы бұлшықетін жарақаттап алып, қалпына келу және оңалту шараларынан өту үшін уақытша Кобхэмдегі «Челси» базасына оралған еді.
Айта кетейік, қыркүйектің соңында Transfermarkt порталы ойыншылардың нарықтық құнын жаңартты. Дастан Сәтбаевтың бағалау құны бірден 1,5 млн еуроға өсіп, 5 млн еуроға жетті. Осылайша ол Қазақстанның ең қымбат футболшысы мәртебесін сенімді түрде бекіте түсті.
Қазақстандық сұрмерген топ-клуб сапында дебют жасады: жақында «Аяксқа» гол соққан
Ахмет Ержанов