Матч орталығы
Дастан Сәтпаевтың «Бернлидегі» бапкері қызметінен кету қаупіне қатысты пікір білдірді
19 қыркүйек, 22:26

Фото: Ники Хайен
«Бернлидің» бас бапкері Ники Хайен «Дерби Каунтимен» (1:1) болған тең ойыннан кейін клубтағы болашағына қатысты пікір білдірді. Бельгиялық маман басшылықтың қандай шешім қабылдайтынын білмейтінін, бірақ жұмысын жалғастыруға дайын екенін жеткізді, деп хабарлайды ASnews.kz Burnley Express басылымына сілтеме жасап.
Қысым және басшылықпен келіссөздер туралы
Бұған дейін тәлімгер «Дербимен» өтетін матчты міндетті түрде жеңу керек деп айтқан болатын. Тең нәтижеден кейін клубтағы орны үшін алаңдай ма деген журналистердің сұрағына бапкер ашық жауап берді:
«Егер мұндай жағдайда бапкер уайымдамаса, демек ол өтірік айтады. Шыншыл болу керек. Бірақ уайымдау бір бөлек, ал басшылық тарапынан сенімді сезінбеу мүлдем басқа дүние. Біз жағдайды бірге талқылап, қай нұсқаның жақсы болатынын көреміз. Көп нәрсені өзгерту үшін бізге ұлттық құрамалардың матчтарына берілетін үзіліс қажет екенін, сондай-ақ бұл үзіліске жеңіспен кеткіміз келетінін бұған дейін де айтқанмын. Өкінішке орай, тең түстік. Бұдан кейін не болатынын білмеймін, бірақ біз басшылықпен үнемі ашық сөйлесеміз», – деді Хайен.
Күресті жалғастыруға дайындық және жарақаттар
Командамен жұмысты жалғастырғысы келе ме және жағдайды түзей алатынына сенімді ме деген сұраққа маман оң жауап берді:
«Иә, 100 пайыз. Жанкүйерлердің көңілі қалғанын түсінемін, олардың мені кінәлайтынын да білемін, бұл мен үшін мәселе емес. Бірақ мен күрескермін және ертең жұмысқа жаңа позитивті энергиямен ораламын. Халықаралық үзілістен кейін жарақат алған ойыншылар қатарға қосылады, құрамымыз толыға түседі. Біз әлі де көп нәрсені түзей аламыз деп санаймын. Қатарынан бірнеше жеңіс үлкен өзгеріс әкелуі мүмкін», – деп қосты бапкер.
«Бернли» бүгін 93-минутта гол жіберіп алып, «Дерби Каунтиге» қарсы ойында (1:1) жеңісті уысынан шығарып алды. Команданың маусым басынан бергі жеңіссіз сериясы сегіз матчқа (4 тең ойын, 4 жеңіліс) жетті. Клуб Чемпионшиптің турнир кестесінде соңғы, 24-орында тұр.
«Бернлидің» намысын 18 жастағы қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаев қорғайды, алайда ол қыркүйек айының басында алған жарақатына байланысты өткен матчқа қатыса алмады.
«Бернли» тағы да жеңбеді: Сәтпаевтың клубы 93-минутта үш ұпайдан айырылып қалды
Әлім Динасылов