Матч орталығы
Мата – «Аталантаға» қарсы ойын нәтижесі туралы: Еуропада да бізбен санасады
6 қараша, 02:39

Фото: Луиш Мата
Алматылық «Қайраттың» португалиялық қорғаушысы Луиш Мата ASnews.kz сайтына берген сұхбатында Конференция лигасы жалпы кезеңінің үшінші туры аясында италиялық «Аталантаға» қарсы өткен сырт алаңдағы кездесуді (1:1) қорытындылады.
– Егер кеше сізге «Аталантамен» тең ойын ұсынылса, келісер ме едіңіз? Және қазір қандай сезімдесіз?
– Иә, мен келісер едім. Бұл – Чемпиондар лигасында үлкен тәжірибесі бар керемет команда. Қазір оларда ең жақсы кезең болмаса да, олар өте мықты ұжым. Әрине, 80-минутта есепте алда тұрғанда, эмоциялар барлық үш ұпайды еншілегіңді келтіреді. Бірақ уақыт өте келе бұл ұпайды мақтанышпен еске аламыз, өйткені ол «Қайрат» үшін де, бүкіл ел үшін де өте маңызды. Келесі кезеңге шығуға тырысу үшін алдымызда әлі үш ойын бар.
– «Қайрат» ұзақ уақыттан бері алғаш рет бес қорғаушымен ойнаған сияқты. Бұл алаңдағы міндеттеріңізді қалай өзгертті?
– Өткен жылы, мысалы, «Астанаға» қарсы ойында біз бұл жүйемен ойнағанбыз. Шабуыл шебі қуатты командаларға қарсы мұндай үлгі қорғаныста сенімдірек ойнауға және жылдам қарсы шабуылдарға шығуға көмектеседі. Маған олай ойнаған ұнайды. Нәтижеге қол жеткіздік, демек, болашаққа арналған тағы бір жұмыс істейтін нұсқамыз пайда болды.
– Қорғаныстың және алты рет сейв жасаған Темірлан Анарбековтің ойыны туралы не айтасыз?
– Бұл шабуылшылардан бастап бүкіл команданың еңбегі. Қарсыласта мүмкіндіктер өте көп болған жок. «Аталантаның» деңгейін ескерсек, өте жақсы матч өткіздік деп есептеймін.
– Матчта Қазақстаннан келген 300-ге жуық жанкүйер болды. Оларға не айтар едіңіз?
– Оларға үлкен рақмет. Олар бізді Чемпиондар лигасында да, қазір Конференция лигасында да қолдады. Меніңше, бүкіл ел бізді мақтан етуі тиіс. Кейде баспасөзден еуропалық футболдың деңгейін соңына дейін түсінбейтін адамдардың жағымсыз пікірлерін оқып қаламын. «Қайрат» соңғы екі жылда кезінде «Астана» жасағандай, Қазақстанды Еуропаның футбол картасына қайта алып шығуда. Бізді қаттырақ қолдаса деймін, өйткені еурокубоктарда ел үшін үлкен жұмыс атқарып жатырмыз. Келесі жылы «Ордабасы», «Қайрат», «Астана» және тағы бір команда Қазақстанның намысын Еуропада абыроймен қорғайды деп үміттенемін.
Айта кетейік, Конференция лигасы 2026/27 маусымының жалпы кезеңіндегі үшінші тур аясындағы «Аталанта»—«Қайрат» матчы 5 қарашада Бергамода өтіп, 1:1 есебімен аяқталды. Алматылықтар сапында 53-минутта Марк Гуаль мергендік танытса, бергамаскіліктерден 82-минутта Никола Крстович таразы басын теңдестірді. Келесі турда, 26 қарашада «Қайрат» өз алаңында швециялық «Мьёльбюді» қабылдайды.
Әлім Динасылов