Матч орталығы
«Бернли» тағы да жеңбеді: Сәтпаевтың клубы 93-минутта үш ұпайдан айырылып қалды
19 қыркүйек, 20:59

Чемпионшиптің сегізінші турында «Бернли» өз алаңында «Дерби Каунтимен» тең түсті (1:1), деп хабарлайды ASnews.kz.
Ойындағы есепті 34-минутта алаң иелері ашты: Лукас Пирестің пасынан кейін Зеки Амдуни мергендігімен көзге түсті. «Бернли» минималды басымдықты матч соңына дейін ұстап тұрды, алайда 93-минутта Мохаммед Фусейни жасаған дәл соққының арқасында қонақтар жеңілістен аман қалды.
Бұл «Бернли» үшін биылғы маусымдағы төртінші тең ойын болды. Алғашқы сегіз турда Никки Хайеннің командасы төрт рет тең түсіп, төрт рет жеңіліске ұшырады, осылайша әлі бірде-бір жеңіске қол жеткізген жоқ. Төрт ұпай жинаған «Бернли» турнир кестесінде 24-орынға табан тіреді. Ал «Дерби Каунти» олардан екі саты жоғары тұр.
Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев «Мидлсброға» (1:1) қарсы матчтан кейін алған жарақатына байланысты бұл ойынның өтініміне енбей қалды. Биылғы маусымда 18 жастағы форвард Чемпионшипте үш кездесу, ал Ағылшын лигасының Кубогында бір ойын өткізді.
«Бернли» Чемпионшиптегі келесі матчын 10 қазан күні сырт алаңда «Уотфордқа» қарсы өткізеді. Кездесу Қазақстан уақытымен 19:00-де басталады.
Әлім Динасылов