Матч орталығы
«Карабахты» Қазақстанмен салыстырды: бұл мүлдем басқа деңгей
10 наурыз, 15:35

Фото: Карабах ФК
AKAS футбол клубының бас бапкері Довран Кенджахунов ASnews.kz сайтына берген сұхбатында Әзербайжанның «Карабах» клубында өткен тағылымдамасы туралы айтып берді.
«Тағылымдама бір айға созылады. Осындай ерекше мүмкіндік клуб президенті Давран Алиджанович Ибрагимовтың арқасында берілді. «Карабахта» бізді өте жылы қарсы алды: клубтың құрылымымен таныстырып, барлық бөлмелерді көрсетті, тіпті арнайы киім де берді.
Гурбан Гурбановпен ресми түрде таныстық. Ол – өте салмақты, көшбасшылық қасиеті айқын адам. Әңгіме барысында оның Алматы қаласын және Қазақстан Премьер-лигасының кейбір клубтарын жақсы білетіні белгілі болды. Гурбан маған жаттықтырушылар штабының жұмысына, жаттығу процесіне және әдетте жабық өтетін теориялық сабақтарға толық қатысуға мүмкіндік берді», – деді 34 жастағы маман.
Кенджахуновтың айтуынша, «Карабахтың» еурокубоктардағы табысы – ұзақ жылдар бойы жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі.
«Шынын айтқанда, «Карабах» – мүлдем басқа деңгейдегі клуб. Ішкі жұмысты өз көзіңмен көргенде, олардың осындай биік нәтижелерге қалай жеткенін түсінесің. Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шығуы – жай ғана сәттілік емес».
Биыл «Карабах» Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне дейін жетіп, «Ньюкаслдан» екі матчтың қорытындысы бойынша 3:9 есебімен жеңіліп қалды. Бұған дейін әзербайжандық клуб «Бенфика» мен «Айнтрахтты» (екеуін де 3:2) жеңген болатын.
Қаңтар айында AKAS клубы бір жылға қызметін тоқтататынын жариялады. Ал 2025 жылғы Бірінші лига маусымының қорытындысы бойынша алматылық команда турнир кестесінде тоғызыншы орын алған.
Әлишер Аманжол