Матч орталығы
«Сапаны Кенжебек қамтамасыз етті»: Словакияда қазақстандық ойыншыны ерекше атап өтті
17 қараша, 09:52

Словакиялық журналист әрі сарапшы Владимир Панчик Šport.sk порталындағы авторлық колонкасында УЕФА Ұлттар лигасы топтық кезеңінің аяқталу туры аясында Астанада өткен Қазақстан мен Словакия арасындағы матчтың (2:2) қорытындысын шығарды. Ол алаң иелерінің ойын ұйымдастыруын және Ғалымжан Кенжебектің әрекеттерін жоғары бағалады, деп хабарлайды ASnews.kz.
Автордың пікірінше, словакиялық құраманың ойынына бапкерлер штабының клубтарында аз ойын тәжірибесін алатын футболшыларды алаңға шығару туралы шешімі әсер еткен. Атап айтқанда, жартылай қорғаушы Самуэль Ригоға жекпе-жектерге түсіп, оларды ұтып шығу қиынға соққан.
«Бірінші таймда жақсы бастамадан кейін орталық үшін күресте есе жібердік, ал екінші таймда қарсы шабуылдардан зардап шектік. Команда бір түртумен бірнеше әдемі комбинация көрсетті, бірақ жалпы алғанда шабуылға өту әдісіміз жұмыс істемеді. Ойын сапасын Кенжебек қамтамасыз еткен жақсы ұйымдастырылған қарсыласқа қарсы бұл қатты сезілді. Біз допты шабуылдың үшінші бөлігіне ұзақ уақыт бойы тиімді жеткізе алмадық», – деп жазды Панчик.
Еске сала кетейік, Астанада өткен матчта Қазақстан құрамасы Ислам Чесноковтың (Кенжебектің пасынан кейін) және Ян Вороговскийдің дәл соққыларының арқасында екі рет есепте алда болған, алайда ойынның негізгі уақытына қосылған бесінші минутта гол жіберіп алып, жеңісті уыстан шығарып алды (2:2). Қазақстандық команда Ұлттар лигасының топтық кезеңін квартеттің соңғы сатысында аяқтады.
Әлім Динасылов