Матч орталығы
Қазақстан құрамасы Словакияға қарсы ойында жеңісті уыстан шығарып алды: видео
16 қараша, 21:57

Фото: Қазақстан ұлттық құрамасы
Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар лигасының алтыншы, қорытынды туры аясында «Астана Аренада» өткен өз алаңындағы матчында Словакия командасымен 2:2 есебімен тең түсті, деп хабарлайды ASnews.kz.
Кездесудегі есепті 29-минутта Ғалымжан Кенжебектің қапталдан асырған пасын сәтті түйіндеген «Крылья Советов» шабуылшысы Ислам Чесноков ашты. Екінші таймда қонақтар таразы басын теңестірді – 56-минутта шабуылшы Роберт Боженик әуедегі таласта Әділбек Жұмахановтан басым түсіп, допты Стас Покатилов қорғаған қақпаға дарытты. 65-минутта қорғаушы Ян Вороговский ассистенттік дубль жасаған Кенжебектің пасынан кейін алаң иелерін қайта алға шығарды. Алайда қосымша уақытта, 95-минутта словакиялық шабуылшы Адриан Капралик серпілген допқа бірінші жетіп, алыстан тоқтатпай бағыттаған соққысымен қорытынды есепті тіркеді – 2:2.
Алты турдың қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 4 ұпай жинап, C3 тобында соңғы орынға тұрақтады. 12 ұпай еншілеген Словакия бірінші сатыдағы орнын сақтап қалды.
Ахмет Ержанов