Матч орталығы
Жасұлан Әмір ҚПЛ-дің ең қымбат ойыншысы атанды
16 қараша, 17:17

Фото: Жасұлан Әмір
Transfermarkt порталы ҚПЛ футболшыларының нарықтық құнын жаңартты – «Ордабасының» 19 жастағы шабуылшысы Жасұлан Әмірдің жаңа бағасы 2,5 млн еуроны құрап, чемпионаттың ең қымбат ойыншысы атанды, деп хабарлайды ASnews.kz.
Тізімдегі бірінші орынды Әмір «Астананың» жартылай қорғаушысы Иван Башичпен (2,5 млн еуро) бөлісіп тұр. Өткен маусымда қазақстандық жартылай қорғаушы шымкенттік клубқа ҚПЛ мен Қазақстан кубогын жеңіп алуға көмектесіп, «гол+пас» жүйесі бойынша 16 ұпай (28 матчта 8+8) жинады. Нәтижелілік бойынша ол тек легионерлер Марк Гуаль (12+6), Бьерн Йонсен (14+3) және Эдмилсонға (10+7) ғана жол берді. Сонымен қатар, Әмір ең қымбат қазақстандық ойыншылардың үштігіне енді.

Ел чемпионының сапында Ги-Марселин Килама (1,2 млн еуро), Давид Абагна (1 млн), Эльхан Астанов пен Алекса Аманович (0,9 млн-нан), Сұлтанбек Астанов пен Бекхан Шайзада (0,8 млн-нан), Лео Натель (0,7 млн) және Эвертон Мораестің (0,5 млн) құны өсті. Осы жаңартудан кейін «Ордабасы» құрам құны бойынша «Қайраттан» 2,5 млн еуроға озып, лигада жеке-дара бірінші орынға шықты. Үшінші сатыда «Астана» тұр.
«Қайрат» ойыншыларының ішінен қақпашы Темірлан Анарбеков (1,2 млн еуро) ҚПЛ-дің ең қымбат футболшыларының үздік үштігіне кірді. Сондай-ақ Марк Гуаль, Александр Мрынский мен Ойва Юккола (0,8 млн-нан), Луиш Мата мен Азамат Тұяқбаев (0,75 млн-нан), Яакко Оксанен (0,7 млн), Исмаил Бекболат (0,6 млн), Эдмилсон (0,5 млн) және Александр Широбоков (0,4 млн) қымбаттады.
Бұдан бөлек, шабуылшылар Артур Шушеначев пен Виталий Лисакович (0,9 млн-нан), сондай-ақ Урош Милованович (0,7 млн) бағасына қосты.
Ахмет Ержанов