Матч орталығы
«Электриктер мен жиһаз сатушылар»: фарерлік экс-футболшы Қазақстанның кіммен тең ойнағанын айтып берді
7 қазан, 12:24

Фото: Футболдан Фарер аралдарының ұлттық құрамасы
Фарерлік «Викингурдың» бұрынғы футболшысы әрі FM1 радиосының комментаторы Руни о Рейнатрёд ASnews.kz тілшісіне берген сұхбатында Астанадағы Ұлттар лигасындағы Қазақстан мен Фарер аралдары құрамаларының тең ойыны (2:2) туралы пікір білдіріп, халықаралық футболды қарапайым жұмыспен қатар алып жүрген ойыншылар туралы айтып берді.
«Жеңіске жетуіміз керек еді»
«Әрине, бұл ойында біз жеңіске жетуіміз керек еді. Есепте алда тұрдық, тек қызыл қағаз ғана жағдайды күрт өзгертті. Бірақ жақсы жағынан қарасақ: біз төрт матчтың бірде-біреуінде ұтпасақ та, жеңілген жоқпыз. Бізде әлі де мүмкіндік бар, алда екі ойын күтіп тұр.
Фарер құрамасы прогресінің құпиясы
«Біз – УЕФА аймағындағы ең кішкентай ұлттардың біріміз. Бізде 55 мың адам тұрады, ал Қазақстанда – 20,5 миллион. Қазақстанның аумағы өте үлкен, ал біз Солтүстік Атлантикадағы кішкентай ғана архипелагпыз. Біздің прогрестің құпиясы неде? Бұл нәтижелер шын жүректен ойнағанда және әркім Фарер құрамасының намысын қорғауды мақтан тұтқанда қандай жетістікке жетуге болатынын көрсетеді. Бізде футбол ойнауға мінсіз жағдай жасалмаған: күн суық, жел, жаңбыр. Бәлкім, біз қазіргі жеткен деңгейімізге мүлдем жақындамауымыз керек пе еді деп те ойлаймын.
Жай ғана фарерліктердің бойында ерекше бір қасиет бар – біз өзімізден күткеннен де зор жетістіктерге жете аламыз. Өзіңді шектемеу керек. Қолыңнан көп нәрсе келетініне сену қажет... бұл жерде рационалды ойлаудың қажеті жоқ. Біз небәрі 55 мың адамбыз, сондықтан біз үшін мүмкін емес нәрсе бар деп ойламауымыз керек.
Соңғы 10 жылда футболымызда қандай құрылымдық өзгерістер болды? Өзгеріс көп. Мәселен, менің бұрынғы командам «Викингурдың» көптеген ойыншылары қазір шетелде өнер көрсетеді. Онда өте жақсы даму жүйесі қалыптасқан: жастармен арнайы лицензиясы бар бапкерлер жұмыс істейді, жастайынан кәсіби футболшы болуға үлкен мән беріледі. Жігіттер шетелге кетіп, өз бақтарын сынауға дайын. Команданың ішінде көрінбейтін бір байланыс бар – біз жай ғана ересектер футболын ойнауға дайынбыз».
Электрик, жиһаз сатушы және ағаш ұстасы
«Қазір бізде уақытын тек футболға арнайтын кәсіпқойлар көп, бірақ, мысалы, оң жақ қорғаушымыз Йоаннес Даниэльсен – электрик. Одмар Фере жиһаз сатады. Құрамада ағаш ұсталары да бар. Бұл футболға бөлетін уақытты қатты шектейді: таңғы 8:00-ден 16:00-ге дейін жұмыс істеп, содан кейін ғана жаттығуға барасың. Жүз пайыздық кәсіпқойларда мұндай проблема жоқ. Қазір футболшы болу қиын, ол үлкен жауапкершілік пен еңбекті талап етеді. Егер осындай жігіттер туралы айтар болсақ, оларды алға жетелеп жүрген нәрсе – футболға деген шексіз махаббат», – деді Рейнатрёд.
Астанадағы матч 2:2 есебімен тең аяқталды. Кнудсен мен Туридің голдарынан кейін 0:2 есебімен ұтылып жатқан қазақстандықтар қарсылас он адаммен қалған сәтті пайдаланып, Малый мен Әліптің дәл соққыларының арқасында есепті теңестірді.
Төрт турдың қорытындысы бойынша С3 тобында 10 ұпай жинаған Словакия көш бастап тұр. Фарер аралдары мен Молдова екінші орынды бөліссе (4 ұпайдан), Қазақстан құрамасы екі ұпаймен кестені қорытындылап тұр.
Руни о Рейнатрёд өзінің кәсіби мансабында фарерлік «Викингур» сапында өнер көрсеткен.
Белгілі футбол функционері: Қазақстан құрамасын қайта құру қажет
Әлім Динасылов