Матч орталығы
Белгілі футбол функционері: Қазақстан құрамасын қайта құру қажет
6 қазан, 21:49

Фото: Ербол Еділов
GRCG агенттігінің негізін қалаушы Ербол Еділов ASnews.kz тілшісіне берген сұхбатында Қазақстан құрамасына өзгерістер қажет екенін мәлімдеді.
Қайта құру уақыты келді
«Біріншіден, қақпашы мәселесін шешіп алу керек. Бельгиядан 0:6 есебімен ұтылғаннан кейінгі 12 матчта команда бес қақпашыны ауыстырды: Сейсен, Шайзада, Покатилов, Заруцкий, Анарбеков – бәрі кезек-кезек алаңға шықты. Қақпашының өзі де, командаластары да қақпада №1 тұрғанына сенімді болуы тиіс.
Екінші мәселе – құрамды жасарту. Ұлттар лигасында бұдан былай ештеңені дәмеленудің қажеті жоқ болғандықтан, осы процесті қолға алу керек. Жаңа құраманы Әліп, Самородов және Сәтпаевтің төңірегінде құрып, жастар және тіпті бірнеше жасөспірімдер командасының футболшыларына сенім артқан жөн».
Өзбекстаннан не үйренуіміз керек?
«Мүмкін, Еуропа чемпионатының іріктеуіне емес, әлем чемпионатына көбірек дайындалудың мәні бар шығар. Азиядағы квотаның артуына байланысты Өзбекстан мундиалға екінші рет шығуға ұмтылып жатқанын ескеру керек. Сондықтан жасы 25-тен асқандармен қоштасып, жаңару қажет.
Үшіншіден, лайықты бапкер шақыруға болмай ма? Меніңше, Шахинге ұсыныс жасау орынды: ол неміс жүйесінен өткен түркі. «Боруссияны» жаттықтырды. Егер Нури қымбат болса, мархабат – «Штутгарт» пен «Гертаны» жаттықтырған Коркут бар», – деді 44 жастағы функционер.
Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының топтық кезеңінде Фарер аралдарына қарсы матчта жеңілістен әзер құтылды (2:2). Төрт турдың қорытындысы бойынша Джон ван ’т Схип командасы екі ұпаймен С3 квартетінде соңғы орында келеді.
Ербол Еділовтің агенттігі Мақсат Абраев («Астана»), Саятхан Құсайынов («Ақтөбе») және Абдулла Бапишев («Магдебург») сияқты футболшылардың мүддесін қорғайды.
Әлишер Аманжол