Матч орталығы
Шушеначевтің «Ақтөбедегі» болашағына қатысты шешім қабылданды: толығырақ
22 қараша, 15:41

Фото: Артур Шушеначев
«Ақтөбе» мен Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Артур Шушеначевтің өкілі Сергей Цырин ASnews.kz тілшісіне берген сұхбатында футболшының алдағы жоспарлары туралы айтып берді.
– Сергей, соңғы апталарда Шушеначевті Еуропадан бастап Таяу Шығысқа дейінгі бірнеше клубпен байланыстырып жатыр. Осы ақпаратқа қатысты пікір білдірсеңіз.
– Иә, әлеуметтік желілерде түрлі қауесеттер тарап жатқанын көріп отырмын. Жанкүйерлер де маған дәл осы сұрақпен жазады. Түсіндіріп өтейін: Артурдың «Ақтөбемен» қолданыстағы келісімшарты бар. Қазіргі уақытта клуб ауыстыру жоспарымызда жоқ.
– Дегенмен ұсыныстар түскен шығар?
– Бүгінгі таңда ресми ұсыныстар түскен жоқ. Бірақ Еуропа, Азия, Ресей және Қазақстан клубтарының өкілдерімен, түрлі агенттермен әңгімелер үнемі жүріп жатады. Футбол өмірі сондай.
Артурдың келісімшартында белгілі бір өтемақы сомасы көрсетілген, сондықтан қандай да бір беделді команда оны төлеуге дайын болып, ал жеке шарттар бізді қызықтырса, ештеңені жоққа шығаруға болмайды. Алайда Шушеначев тек ақша үшін басқа клубқа ауыспайды.
– Жанкүйерлердің қабылдауы тұрғысынан алғанда, өткен маусым ол үшін оңай болған жоқ. Кейбіреулер тіпті «Ақтөбе» басшылығын оның орнына басқа ойыншы табуға шақыруда.
– Артурдың ойынындағы құлдырау «Ертіске» қарсы матчта (1:0) алған жарақатынан кейін басталғанын атап өткім келеді, сол ойында ол жеңіс голын соққан еді. Жарақаты жеңіл болғанымен, жағымсыз тиді және оны толық емдеп болғанша, нәтижелілік жағынан қиындықтар туындады. Өкінішті, бірақ ондай жағдайлар болып тұрады. Кей тұстарда сәттілік те жетіспеді.
Кейінірек Артур бабына еніп, қазақстандық футболшылар арасында үздік сұрмерген атанды. 16 гол мен нәтижелі пас – бұл өте жақсы статистика. Оған қоса, оның алаңда атқаратын орасан зор қара жұмысын көпшілік байқай бермейді. Қорғаныс шабуылшылардан басталады, ал бұл тұрғыда Шушеначевтің рөлі баға жетпес.
Наразылық білдірген «жалған жанкүйерлер» туралы бұған дейін де айтқан болатынмын. Олар нағыз жанкүйер емес, өйткені шынайы жанкүйерлер қиын сәтте команда мен ойыншыларға қолдау көрсетеді. Бұл «шапито циркін» ұйымдастырғандармен біз мәселені шешіп қойдық.
Еске сала кетейік, Артур Шушеначев «Ақтөбе» сапына 2025 жылдың шілдесінде ауысты. Жалпы 28 жастағы форвард команда жейдесінде 44 матч өткізіп, 18 гол соқты және жеті нәтижелі пас берді. Оның клубпен келісімшарты 2027 жылдың соңына дейін есептелген.
«Командаға мұндай футболшылар қажет»: «Тобыл» президенті – Тағыберген туралы
Әлишер Аманжол