Матч орталығы
Андрей Мартин Қазақстан құрамасының бас бапкері болу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді
22 қараша, 19:41

Фото: Андрей Мартин
«Ордабасының» бұрынғы бас бапкері Андрей Мартин Қазақстан ұлттық құрамасының тізгінін ұстауы мүмкін деген қауесеттерге жауап берді, деп хабарлайды ASnews.kz.
«Шынымды айтсам, сұрағыңыз күтпеген жерден келді. Осы уақытқа дейін мен көбіне клубтық мансабыма басымдық беріп келдім – бұл деңгейде әлі де дәлелдейтін дүниелерім бар сияқты. Бірақ Қазақстан футбол федерациясынан ұсыныс түссе, бұл, ең кемі, мені өте байыпты түрде ойландырар еді. Сіздерде амбициясы жоғары басшылық, амбициялы ел бар, бәрі нәтиже күтеді. Бұл менің философияма өте жақын – өзім де алдыма биік мақсат қоятын адаммын және жеңістерге жеткім келеді.
Қазір қандай шешім қабылдайтынымызды айту қиын: нақты әңгіме мен ұсыныс болмайынша, оны талқылаудың мәні жоқ. Алайда бұл – жүз пайыз сөйлесуге және талқылауға тұрарлық тақырып. Әзірге ондай әңгімелер болған жоқ, әркім өз жолымен жүріп, мансабының келесі кезеңін ойластыруда. Қазақстан құрамасында да бәрі жақсы болсын», – деді Мартин «CCardinal» арнасына берген сұхбатында.
Еске сала кетейік, 52 жастағы молдовалық маман «Ордабасыны» 2024 жылдың желтоқсанынан бастап жаттықтырды. Оның жетекшілігімен алғашқы маусымды жетінші орында (35 ұпай) аяқтаған шымкенттік клуб 2026 жылы өз тарихында алғаш рет «алтын дубль» жасап, 68 ұпаймен Қазақстан премьер-лигасын мерзімінен бұрын жеңіп алды және ел Кубогының финалында «Қайсардан» (4:1) басым түсті.
Әлім Динасылов