Матч орталығы
Эксперт – Македония-Қазақстан матчы жайлы: алғашқы 15 минутта гол жібермеуіміз керек
13.10.2025 18:48

Фото: Қазақстан құрамасы
Спорт журналисі Әлімжан Тасболатұлы ASnews.kz тілшісіне берген сұхбатында алдағы Солтүстік Македония – Қазақстан матчы жайлы пікірімен бөлісті.
«Әрине, мотивация бар. Біз іріктеу кезеңін абыроймен аяқтап, келесі жылы пайдасын тигізетін тәжірибе жинауымыз керек. Солтүстік Македония өз алаңында үш ұпай алуға тырысады – олардың әлі де әлем чемпионатына жолдама алу мүмкіндігі бар. Бірақ бәрі матчтың қалай басталатынына байланысты.
Алғашқы 10-15 минутта гол жібермеу маңызды. Егер осы уақыт аралығында шыдап берсек, бізде де гол соғатын мүмкіндіктер пайда болады. Бізде кем дегенде үш гол соғатын мүмкіндік болуы керек – кем дегенде біреуін пайдаданамыз деп үміттенемін. Бірінші біз гол соғатын болсақ, македониялықтар шабуылға көп шыға бастайды, сол кезде оларды қарсы шабуылдан ұстауға мүмкіндік туады. Ал ертерек гол жіберіп алсақ, ойын мүлдем басқаша болады», – деді Тасболатұлы.
Матч бүгін, 13 қазанда Скопьедегі «Тоше Проески» стадионында өтеді және Астана уақытымен 23:45-те басталады.
Лихтенштейнді 4:0 есебімен жеңген Қазақстан J тобында төртінші орында тұр. Ал Солтүстік Македония болса әлем чемпионатына берілетін жолдамаға таласуда және осы уақытқа дейін жеңілмеді.
Бұған дейін мәскеулік «Спартактың» бұрынғы қорғаушысы, Солтүстік Македония жастар құрамасының директоры Игор Митрески ойын жайлы пікірін айтқан болатын.
Әлім Динасылов