Матч орталығы
«Шахтер» Қазақстан құрамасының көшбасшысын алуды көздеп отыр
28 қазан, 17:15

Фото: Исламбек Қуат
Қарағандылық «Шахтер» Қазақстан құрамасының тіреуіш жартылай қорғаушысы әрі елордалық «Жеңістің» капитаны Исламбек Қуатпен келісімшартқа отыру нұсқасын қарастыруда, деп хабарлайды ASnews.kz.
Премьер-лигаға оралған «кеншілер» жартылай қорғаныс шебін күшейтуге ниетті, ал 33 жастағы тәжірибелі футболшы клубтың трансфер нарығындағы басты мақсаттарының біріне айналды.
Биылғы маусымда Қуат «Жеңіс» сапында Қазақстан чемпионаты мен Кубогында 27 матч өткізіп, өз еншісіне екі гол мен үш нәтижелі пас жазды. Дегенмен ойыншы елордалық команданың соңғы екі ойынына қатысқан жоқ – қостанайлық «Тобылға» қарсы матч (2:4) пен 29-турдағы шымкенттік «Ордабасымен» өткен кездесуді (1:1) жіберіп алды.
Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Исламбек Қуат 75 матч өткізіп, алты гол соқты және екі нәтижелі пас берді.
Айта кетейік, жартылай қорғаушы өз мансабында алматылық «Қайрат», «Ақтөбе» және көкшетаулық «Оқжетпес» клубтарының намысын қорғаған. Оған қоса, Қуаттың ресейлік «Оренбург» пен мәскеу түбіндегі «Химки» сапында легионер ретінде өнер көрсеткен тәжірибесі бар. Қазіргі уақытта 33 жастағы ойыншының трансферлік құны 275 мың еуроға бағаланып отыр.
Әлім Динасылов