Матч орталығы
«Холанд «Ситиде», ал мен «Ордабасыдамын»: Бьорн Йонсен Норвегия құрамасына оралу мүмкіндігін бағалады
28 қазан, 08:14

Фото: Бьорн Йонсен
Шымкенттік «Ордабасының» шабуылшысы Бьорн Йонсен ASnews.kz сайтына берген сұхбатында Норвегияның ұлттық құрамасына оралу мүмкіндігі туралы ашық айтып, шабуыл шебіндегі қазіргі бәсекелестік деңгейін бағалады.
– Осыдан екі жыл бұрын сіз норвегиялық газетке: «29 бен 32 жас аралығында бірде-бір толық маусым өткізген жоқпын, сондықтан аяғымда әлі талай матч бар», – деп едіңіз. Содан бері екі толық маусым ойнап, екеуінде де үздік сұрмерген атандыңыз. Бұл пікіріңіз өзгерді ме, әлде құраманың есігі сіз үшін түпкілікті жабылды ма?
– Пікірім өзгерген жоқ, бірақ бәсекелестікті дұрыс көзқараспен бағалау керек. Қазіргі Норвегия құрамасы бұрынғыдай емес. Бұрын мен Сёрлотпен, Холандпен, Джошуа Кингпен (ол кезде ағылшын премьер-лигасында болатын, ал қазір Сауд Арабиясында) бірге ойнадым. Ал қазір құрамаға шақырылып жүрген ойыншылар Чемпиондар лигасында өнер көрсетеді.
Эрик Ботхейм – мен онымен бірге «Русенборгта» ойнағанмын, қазір ол «Викингте», олар «Бавариямен» 3:3 есебімен тең түсті. Ол қазір құрамада. Йорген Странд Ларсен АПЛ-да, «Кристал Пэласта» ойнап жүр. Сёрлот мадридтік «Атлетикода», Холанд «Манчестер Ситиде» доп тебуде. Ал мен «Ордабасыда» ойнаймын.
Дұрыс түсініңіздер, біз үшін «Ордабасы» кішкентай клуб емес. Біз Шығыс Еуропадағы ең үлкен клуб болғымыз келеді. Бірақ қазіргі уақытта біз Чемпиондар лигасына шығып, онда ойнайтындай деңгейге әлі жеткен жоқпыз. Егер ЧЛ-да ойнасақ, бәлкім, жағдай басқаша болар еді. Мүмкін, мен туралы қайтадан сөз қозғалар. Бірақ әзірге біз онда емеспіз. Сондықтан алдымен қазіргі «Қайраттың» мысалындай, жақсы жетістікке жетіп, еурокубоктарға шығуым керек.
Айта кетейік, Бьорн Йонсеннің еншісінде Норвегия ұлттық құрамасы сапында өткізген 16 матч бар, онда шабуылшы бес гол соғып, бір нәтижелі пас берген.
«Ордабасыға» ауысқаннан бері норвегиялық шабуылшы ҚПЛ чемпионы атанып үлгерді. Шымкенттік клуб сапында ол барлық турнирлерде 19 матчқа қатысып, 16 гол соқты және төрт нәтижелі пас берді
«Мартин чемпион боламыз деп сендірді»: Йонсен «Ордабасыға» ауысуы туралы.
Әлім Динасылов