Игита: Менің өміріме қажеттінің бәрін берген Қазақстан үшін ойнау әрқашан үлкен ғанибет
23 қыркүйек, 23:04

Фото: Игита
Футзалдан Қазақстан құрамасының қақпашысы Лео Игита ASnews.kz тілшісіне берген сұхбатында Еуро-2026 плей-офф раундында Италияға қарсы өткен драмалық ойыннан кейінгі эмоцияларымен бөлісті.
«Бұл өте жоғары деңгейдегі ойын болды. Біз өз алаңымызда жақсы ойнадық. Енді клубтың халықаралық аренадағы абыройын көтеру үшін Қазақстан чемпионаты мен Чемпиондар лигасына көңіл бөлуіміз керек. Алда бізді үлкен маусым күтіп тұр. Егер Кака мені қайтадан ұлттық құрамаға шақырса, ойнай беремін. Менің өміріме қажеттінің бәрін берген Қазақстан үшін ойнау әрқашан үлкен ғанибет. Мен әр матч сайын барымды саламын. Әзірге ұлттық құрамадағы мансабымды аяқтаймын деп айта алмаймын.
Менің ойын стилім ерекше. Футзалда тәуекелсіз болмайды. Бұл Игитаның стилі. Жарақатым болды, сондықтан алыс қашықтықтан соққы жасай алмадым, бірақ жақсы ойнадым деп ойлаймын. Біз екі гол жіберсек те жеңуіміз керек еді. Ең бастысы, менің қателігімнен команда гол жібермеді. Бұл менің өмірімде бір емес, бірнеше рет болды.
Иә, біз пенальтилер сериясына дайындалдық, қарсыластарымызды зерттедік, бірақ олар да бізді зерделеген екен. Олардың қақпашысы тамаша ойнады, ал Италияның деңгейі бір бас жоғары болды. Кейде бір команданың жолы болып, ал екіншісінің мүлдем жолы болмай жатады. Бірақ мен өз тарихымды осы стильде құрып жатқаныма қуаныштымын. Жанкүйерлер сәл шыдамдылық танытсын, әсіресе мен алға қарай жылжыған кезде», – деді Игита.
Италиядағы алғашқы ойын 2:1 есебімен аяқталды. Астанада өткен қарымта ойында алаң иелері 3:2 есебімен жеңіске жетті. Экстра-таймда гол соғылмай, жалпы есеп тең болып, матч тағдыры пенальти сериясында шешілді.
Қазақстандық ойыншылар пенальти сериясында бірде-бір гол соға алмады: Ақбалықов, Кнауб, Дуглас және Эдсон мүмкіндігін мүлт жіберді. Италиялықтар екі гол соғып, Еуропа чемпионатына жолдама алды.
Еуро-2026 21 қаңтар мен 7 ақпан аралығында үш елде өтеді: Латвия, Литва және Словения. Қазірдің өзінде он үш қатысушы белгілі болып қойды: Латвия, Литва, Словения, Армения, Беларусь, Италия, Испания, Польша, Португалия, Украина, Франция, Хорватия және Чехия.
Тағы да оқыңыз
Басты жаңалықтар
Эксперт – «Қайраттың» ЧЛ-дағы матчы туралы: егер жақсылап дайындалса, «Брюггеге» қиын болады
1Турнирлік кесте













































































































