Матч орталығы
Вакулко – болашағы жайлы: ҚПЛ клубтарынан қызығушылық бар
19 қараша, 13:06

Фото: Юрий Вакулко
«Ордабасымен» бірге ел чемпионы атанып, Қазақстан кубогын жеңіп алғанына қарамастан, шымкенттік клубтан кеткен украиналық жартылай қорғаушы Юрий Вакулко келісімшартты ұзартпау туралы шешімнің қалай түсіндірілгенін, мансабын қай клубта жалғастыруы мүмкін екенін айтып берді, деп хабарлайды ASnews.kz Sport-Express.ua басылымына сілтеме жасап.
«Клуб басшылығы команданы түгел өзгерткісі келеді»
– Юрий, «Ордабасы» клубының сізбен келісімшартты ұзартпайтыны сіз үшін күтпеген жағдай болды ма? Басшылықпен келісімшартты ұзарту мәселесін талқыладыңыз ба?
– Клуб басшылығымен сөйлестім. Олар атқарған жұмысым үшін алғыс айтып, жаңа команда табуыма көмектесуге дайын екенін жеткізді. Командаға қосқан үлесімді атап өтіп, алдағы мансабыма сәттілік тіледі. Жалпы, мұндай шешім болатынын өзім де күткенмін. Өйткені басшылық команданы түгел өзгерткісі келеді. Оның үстіне Қазақстанда легионерлерге қатысты шектеу бар, бұл да жағдайға әсер етеді. Өздеріңіз көріп отырғандай, бас бапкер де командада қалмады. Бірақ оның жұмысына қатысты ешқандай сұрақ жоқ.
– «Ордабасы» құрамында алтын дубль жасаған маусымнан кейін клубпен қоштасып отырсыз. Қазақстан чемпионы атанып, ел кубогын жеңіп алған командадан кету қиын емес пе? Ұжымға әлі де пайдаңызды тигізе алар едім деген ой бар ма?
– Мен клуб үшін барымды салдым деп ойлаймын. Команданың, ұжымның және жалпы қаланың дамуына елеулі үлес қостым. Кету маған қиын деп айта алмаймын. Өйткені мұндай жағдайды жазда да бастан өткергенмін. Бірақ сол кезде командада қалған едім.
«Желтоқсанда жағдай айқынырақ болады деп ойлаймын»
– Енді мансабыңызды қайда жалғастырасыз? Басқа клубтардан нақты ұсыныстар бар ма?
– Қазір Қазақстан чемпионатындағы және көршілес елдердегі клубтар тарапынан қызығушылық бар. Әзірге нақты ұсыныстар жоқ. Өйткені кейбір чемпионаттар жақында ғана аяқталса, бірқатар елдерде әлі жалғасып жатыр. Желтоқсанда жағдай айқынырақ болып, нақты ұсыныстар көбейеді деп ойлаймын.
– Бұған дейін команда таңдау кезінде отбасыңыздың қауіпсіздігі мен жақындарыңыздың қасыңызда болғаны маңызды екенін айтқан едіңіз. Қазақстанда қалғыңыз келе ме әлде басқа чемпионаттарды да қарастырып жатырсыз ба? Жаңа команда таңдағанда қандай факторларға мән бересіз?
– Қазір қай елде ойнайтыныма қатысты ешқандай басымдық жоқ. Мен үшін команданың маусымға қойған мақсатының биік болғаны және бас бапкердің жеке қызығушылығының болғаны маңызды. Қалған дүниелер соншалықты маңызды емес.
– Қазір жасыңыз 29-да. Украина, Сербия, Латвия және Қазақстан чемпионаттарында ойнап, бірнеше трофей жеңіп алдыңыз. Алдағы уақытта футболда қандай белесті бағындырғыңыз келеді? Еурокубоктерде өнер көрсету, Еуропаның мықты чемпионатына оралу немесе бұдан да жоғары деңгейде өзіңізді сынау жоспарыңызда бар ма?
– Мен үшін футболдағы ең үлкен арман – 40 жасқа дейін жоғары деңгейде ойнау. Алдағы уақытта да турнирлік кестенің жоғарғы сатысында жүретін командаларда өнер көрсетіп, еурокубоктерде ойнағым келеді. Еуропаға оралуым да мүмкін. Қандай ұсыныстар болатынын уақыт көрсетеді.
Вакулко «Ордабасы» сапына 2025 жылы қосылған болатын және сол кезден бері 44 матчқа қатысты.
Ернар Ламқадыров