Матч орталығы
Мәулен – «Қайсардың» сәтсіздігі жайлы: спорт директоры мен жаңа бас бапкер әкелуі керек еді
9 қараша, 17:05

Қазақстандық спорт журналисі Ермұхамед Мәулен «Қайсар» клубының биылғы сәтсіздіктеріне себеп болған мәселелерге тоқталды, деп хабарлайды ASnews.kz.
«Мен жуырда Алдан Балтаевпен (маусым басындағы «Қайсардың» спорттық директоры) сөйлестім. Туындаған мәселелер жайлы өз пікірімді айтып едім, Алдан бұған келісіп, қателіктердің болғанын және барлығы бір-біріне әсер еткенін жеткізді. Бұл сәтсіздікке бір ғана адамды кінәлай алмаймыз.
Наурыз айында «Қайсар» клубы спорт директорын қызметінен босатты. Мүмкін араларында келіспеушілік болып қалған шығар. Жарайды, ол жұмысынан кетті, орнына басқа адам алу керек еді. Ал қызылордалықтар жаңа спорт директорын тағайындаған жоқ. Маусым бойы директорсыз өнер көрсетті. Бұл – бірінші себеп.
Екіншіден, бас бапкер Андрей Ферапонтов керемет құрам жинады. Қызығушылық танытқан футболшылардың 80 пайызын алып берген. Құрамды жасақтады, жолдастық матчтарда тәп-тәуір көрінді, маусым басында жаман ойнамады. Бірақ сәтсіздіктер орын алғандықтан, бас бапкерді ауыстыру керек еді. Нәтиже болмаса, Жозе Моуриньоны да қызметінен босатады ғой. Бір командада жолың болып, жұмысың жүріп кетеді, ал бір командада жолың болмайды. Ферапонтов кеткеннен кейін «Қайсар» жаңа бапкер әкелмей, оның көмекшісі Дмитрий Карповты бас бапкер етіп қалдырды. Мұның қандай мән-мағынасы бар.
Ал Талғат Байсуфиновты шақыру қызылордалықтардың соңғы үміті болды. Айтпақшы, Айбол Әбікеннің «Қызылжарға» ауысуы да әсер етті», – деді Мәулен «Бірінші бол» арнасындағы подкастта.
«Қайсар» ҚПЛ-2026 қорытындысы бойынша ең соңғы орын алып, бірінші лигаға ұшып кетті. Ал Қазақстан кубогының финалында «Ордабасыдан» 1:4 есебімен жеңілді.
Ернар Ламқадыров