Матч орталығы
ҚПЛ-дың «жұмбақ командасы»: «Оқжетпес» құрамның жартысынан айырылып, еурокубокқа қалай шықты?
9 қараша, 11:01

Фото: «Оқжетпес» ФК
«Оқжетпес» 2009 жылдан бері алғаш рет Еуропа төрінде ойнайды. Көкшетаулық клуб ҚПЛ-2026 маусымын 54 ұпаймен төртінші орында аяқтап, УЕФА Конференция лигасының іріктеу кезеңіне жолдама алды. Бұл – команда тарихындағы ең үздік маусым.
ASnews.kz қыста 15 футболшысымен қоштасып, бапкерін ауыстырған клубтың бір маусым ішінде қатардағы ортақол командадан Еуропа додасына қатысушыға қалай айналғанын тарқатып айтады.

«Оқжетпес» жолдаманы тікелей алған жоқ. Төртінші орын еурокубокқа құқық бермейді: жолдама клубқа «Ордабасының» чемпиондықпен қоса Қазақстан кубогын жеңіп алуының арқасында бұйырды, осылайша кубок иесіне берілетін орын турнирлік кестеде төменге түсті. Көкшетаулықтар «Астанадан» тек доп айырмасы бойынша ғана қалып қойды – екеуінде де 54 ұпайдан.
Маусым алдында бұл клубты тіпті үздіктер қатарынан көрінеді деп ешкім ойламады. «Оқжетпес» 2025 жылды сегізінші орынмен аяқтап, қыста құрамының жартысынан айырылды, бас бапкері мен директорын ауыстырды. Наурыз айында бұл команданың қарашаға қарай еурокубок үшін таласатынына ешкім сенім білдірген жоқ.
Маусымаралық үзіліс: жаңа бапкер және бір күнде кеткен 15 футболшы
8 қаңтарда клуб бас бапкер етіп 36 жастағы Ринат Алюетовты тағайындады. Ол бұған дейін «Ертісте», ал одан ертерек «Жетісу», «Жеңіс», «Тұран», «Каспий» және «Елімай» клубтарында жұмыс істеген. Алюетов клубтың бір жыл ішіндегі үшінші бапкері атанды: 2025 жылы маусым барысында Қайрат Нұрдәулетов Андрей Ферапонтовты алмастырған еді.
Алты күннен кейін баспасөз қызметі бір ғана жазбамен бірден 15 ойыншының кеткенін мәлімдеді. Қақпашылар Қажымұқан Төлепберген мен Данил Подымский, қорғаушылар Сұлтан Әбілғазы, Санжар Сатанов, Виктор Гунченко және Нұрлан Даиров, жартылай қорғаушылар Дәурен Жұмат, Страхиня Йованович, Адам Адаходжаев, Дамир Марат және Саламат Жұмабеков, шабуылшылар Владислав Прокопенко мен Шыңғыс Флюк командадан кетті. Бұл тізімде ұлттық құрама сапында 21 матч өткізген 36 жастағы команда көшбасшысы Тимур Досмағамбетов те болды.
Онымен қоса, клуб ойыншыларын тікелей бәсекелестеріне сатып жатты: Серікжан Мужиков «Жетісуға», Даиров «Таразға», Алияр Мұхамед, Батырхан Тәжібай, Нияз Идрисов және Никола Цуцких түгелдей «Қайсарға», ал Энзо Мендес Бразилияға кетті. Сол кезде БАҚ «Оқжетпесті» қарсыластары үшін «донор» деп атады.
Жаңа ойыншылар кейінірек лек-легімен келе бастады. 13 қаңтардан 25 ақпанға дейін клуб 17 футболшымен келісімшартқа отырды. Олардың қатарында қақпашылар Михаил Голубничий мен Мирослав Лобанцев, қорғаушылар Борис Лотоцький, Лео Де Ассунсан және Иван Кузьмичев, жартылай қорғаушылар Владислав Васильев, Дмитрий Бородин және Жансұлтан Мұхаметханов, шабуылшылар Оралхан Өміртаев пен Тоқтар Жанғылышбай бар еді. Оқу-жаттығу жиындарын өз алаңында бастап, кейін Түркияға аттанды және сол жақта төменгі лига ойыншыларын қаралымнан өткізді.
«Оқжетпес» маусымды 21 ойыншыдан тұратын тізіммен бастады, ондағы есімдердің басым көпшілігі командаға жаңадан қосылғандар болатын. Клубты ешкімнің айтарлықтай күш санамауының басты себебі де осы еді: өзара түсіністігі жоқ, жұлдызды ойыншыларсыз және жаңа бапкермен келген команда.

Маусым: өз алаңында ешкімге дерлік есе жібермеді
«Оқжетпес» бүкіл маусымның құрылымын өз алаңындағы матчтарға негіздеді. Көкшетауда команда мүмкін болған 45 ұпайдың 34-ін еншіледі – 15 ойында 10 жеңіс, 4 тең нәтиже және небәрі 1 жеңіліс. Екінші орын алған «Қайрат» та өз алаңында дәл осынша ұпай жинады. Сырт алаңдағы көрсеткіш нашарлау болды – 20 ұпай және жеті жеңіліс, бірақ мұндай құрамы бар клуб үшін бұл жеткілікті еді.
Екінші ерекшелік – ойынның соңғы минуттары. Маусымдағы жеті матчта «Оқжетпес» 80-минуттан кейін гол соқты. Клуб бонустық жүйе енгізді: ойыншылар соғылған голдар, «құрғақ» матчтар және командалық жеңістер үшін қосымша ақы алып отырды – әр гол үшін бір миллион теңгеден.
Маусым-шілде айлары шешуші кезеңге айналды. 21 маусымда көкшетаулықтар қостанайлықтарға қарсы ұзаққа созылған сәтсіз серияны үзіп, «Тобылды» 2:1 есебімен ұтты – Мұхаметханов екі гол соқты. 18-турда «Жетісуды» 2:0 есебімен тізе бүктірді, сол матчтан кейін Алюетов алғаш рет басқа мақсаттар жайлы сөз қозғады.
«Біз бәрібір де клубтық рекордтарды жаңартқымыз келеді. Осында өз қолтаңбамызды қалдыруды көздейміз, өйткені ертең мұнда біздің есіміміз қалады», – деді бапкер 19 шілдеде.
Тамыз айының соңына қарай «Оқжетпестің» еншісінде 23 турдан кейін 39 ұпай болды – бұл сол кездегі «Астанамен» бірдей көрсеткіш еді. Дәл сол кезде Алюетов қазақстандық футболда кең тараған сөзін айтты.
«Мен «Лестердің» чемпион болған маусымын еске аламын. Бәлкім, «Лестердің» жағдайындағыдай, мұндай мүмкіндік өмірде бір-ақ рет берілетін шығар».
Шабуыл шебін екі ойыншы сүйреді. Оралхан Өміртаев тоғыз гол соғып, ҚПЛ сұрмергендерінің үздік ондығына кірді, ал Владислав Васильев сегіз ассистпен лигадағы нәтижелі пастар бойынша Асхат Тағыберген мен Эдмилсоннан озып, үшінші орынға табан тіреді.
Маусымдағы жалғыз сәтсіздік – Қазақстан кубогы: «Жеңістен» (2:3) ұтылып, 1/8 финалдан-ақ шығып қалуы. Уақыт көрсеткендей, кейін дәл осы турнир басқалардың қолымен «Оқжетпеске» Еуропаға жол ашып берді.
Жаңа директор
Маусым барысында, 21 сәуірде клуб жаңа директор – Ербол Қайыровты таныстырды. ҚПЛ үшін бұл қалыпсыз тағайындау еді: Қайыров – Chempionat.kz сайтынан бастап бас редакторға дейін өскен, ҚФФ және ҚКФЛ-да жұмыс істеген, ұлттық құрамалардың баспасөз хатшысы және скауты болған, ал 2013 жылдан бастап Qazsport пен «Хабарда» әлем және Еуропа чемпионаттарын, екі финалымен Чемпиондар лигасын, Олимпиада ойындарын және Головкиннің жекпе-жектерін жүргізген журналист әрі комментатор.
Тұсаукесерде ол қазақстандық клубтарда сирек айтылатын басымдықтарды алға қойды: балалар мен жасөспірімдер футболы, қала мен облыста футболды ілгерілету, жанкүйерлерді тарту, маркетинг және тұрақты қаржылық модель. Ол ең басты міндетті ашық айтты – «Оқжетпеске» аймақтың халықтық командасы мәртебесін қайтару.

«Негізгі басымдық – балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту», – деді Қайыров.
Және бұл мақсаттар үлкен қаржыға жасалған жоқ. «Бірінші бол» подкастында директор бюджет туралы бүкпесіз шындықты айтты.
«Оқжетпестің» жылдық бюджеті өте үлкен деп айта алмаймын. Ойыншыларымыздың жалақысы да аз, командада қомақты жалақы алатын футболшылар жоқ. Кейбір басқа командалармен салыстырғанда, «Оқжетпесте» жалақы еш кешіктірілмей уақытылы төленеді».
Клубты Ақмола облысы аграрийлерінің қоғамдық қоры басқарады. Құрылтайшылардың бірі, «Родина» агрофирмасының басшысы Иван Сауэр шілде айында бұл жүйені түсіндірді: «Бұл – әкімдік төңірегіне топтасқан Ақмола облысы аграрийлерінің клубты ұжымдық басқаруы». Жеке қожайын болмайды, жекешелендіру үш жылға жоспарланған.
Сандар бұл сөздерді растайды. 2026 жылғы жарияланған мемлекеттік сатып алулар бойынша «Оқжетпеске» шамамен 2,1 млрд теңге бөлінген (салыстыру үшін «Ордабасыда» – 2,811 млрд теңге). Жиналған әрбір ұпайға шаққанда көкшетаулықтар чемпионнан да тиімдірек болып шықты – шамамен 38,9 млн теңге чемпионның 41,3 млн теңгесіне қарсы.
Трибунамен жұмыс істеудің физикалық шегі болды. «Оқжетпес» стадионы 4 500 көрерменді ғана сыйдыра алады. Маусым ішіндегі өз алаңындағы матчтарға 50 336 адам келді – орташа есеппен әр ойынға 3 356 жанкүйер, яғни аренаның төрттен үш бөлігі. Клубта жанкүйерлер санын арттыруға кеңістік болмады – сондықтан басты назарды санға емес, матч күнінің (матчдэй) қалай өтетініне аударды.
5 қыркүйек: жаңа логотип, тейлгейтинг және көшбасшыны жеңу
Қауесеттер тамыз айында тарай бастады: 10 тамызда БАҚ-та «Оқжетпес» логотип пен түс гаммасын жаңартып, толыққанды ребрендинг дайындап жатқаны туралы жазылды. Ресми түрде клуб ешнәрсені растамаған еді.
5 қыркүйекте бәрі бірден болды. Клуб жаңа эмблемасын таныстырды: тұлпар орталық фигура болып қалғанымен, толықтай қайта сызылды. Бұл – 2016 жылғы логотипте де болған Ақан серінің аты аңызға айналған Құлагері. Жалына жебелер жасырылған – бұл клуб атауының мағынасына жасалған сілтеме: «Оқжетпес – оқ жетпейтін биіктік». Құрылған жылы – 1957 жыл сол күйі қалды. Түсі де өзгерді: көк-ақ түстің орнына клуб көгілдір (бирюзовый) түске көшіп, «Бір рух. Бір клуб. Солтүстік мінез!» ұраны пайда болды.
Сол күні «Оқжетпес» АҚШ пен Канадада қалыпты, бірақ ҚПЛ-да бұрын-соңды болмаған формат – өзінің алғашқы тейлгейтингін өткізді: жанкүйерлер матч басталардан көп бұрын стадион жанындағы автотұраққа жиналады. Фудкорт пен концерт ұйымдастырылып, Дастан Оразбеков пен V$XV PRiNCE өнер көрсетті.

Ал содан кейін команда алаңға шығып, чемпионат көшбасшысы әрі болашақ «алтын дубль» иегері «Ордабасыны» 2:1 есебімен ұтты. Ребрендинг үшін бұдан артық тамаша сценарий жаза алмайсың.
Бұл жерде кештің өзі емес, оның логикасы маңызды. ҚПЛ клубтарының көпшілігі атрибутикасын маусымаралық үзілісте, оны ешкім көрмейтін кезде өзгертеді. Ал «Оқжетпес» ребрендингті үлкен оқиғаға айналдырып, оны бүкіл елдің назары командаға ауған маусымдағы ең шулы үйдегі матчқа орайластырды.
Маусым соңы: бөтен финалды күткен жеті күн
29-турға қарай барлық мәселе төртінші орынға келіп тірелді. 24 қазанда «Оқжетпес» өз алаңында «Каспийді» 3:0 есебімен тас-талқан етті – Иван Кузьмичев (9'), Владислав Васильев (54') және Еркебұлан Нұрғалиев (83', пенальтиден) гол соқты.
«Біз қазір еурокубокқа жолдама беруі мүмкін төртінші орын үшін таласып жатырмыз. Бірақ бәрі өзімізге ғана байланысты емес, өйткені басқа да қарсыластар бар. Бәлкім, ертең-ақ бәрі шешілер, ал бәлкім бір аптадан кейін белгілі болар. Әлі ештеңе аяқталған жоқ», – деді Алюетов сол матчтан кейін.
Команда ішінде бәрін жақсы түсінді. Мәреге екі тур қалғанда жартылай қорғаушы Дмитрий Бородин ASnews.kz сайтына берген сұхбатында ашық айтты:
«Мүмкіндік бар екені түсінікті. Біз барымызды салып, қолымыздан келгеннің бәрін жасауға міндеттіміз, содан кейін ғана таза ар-ожданмен Қазақстан кубогының финалын күтеміз».
Клуб өз міндетін орындады. 31 қазанда қорытынды турда «Оқжетпес» Семейде «Елімайды» 4:1 есебімен жеңіп, маусымды 54 ұпаймен аяқтады. «Астананың» да ұпайы дәл осындай болды, бірақ елордалық клубтың доп айырмасы жақсырақ еді – 49:38-ге қарсы 48:31. Көкшетаулықтардың жеңістері көбірек (15-ке қарсы 16) болғанына қарамастан, қола медаль алты доп айырмасымен Астанаға бұйырды.

Содан кейін тағы бір апта күтуге тура келді. 7 қарашада «Түркістан Аренада» «Ордабасы» «Қайсарды» 4:1 есебімен ойсырата жеңіп, «алтын дубль» жасады: шымкенттіктер сапынан Сұлтанбек Астанов (7'), Бьорн Йонсен (40'), Дэвид Абагна (60'), Эльхан Астанов (71') қанжығасын майласа, қызылордалықтардан Агостиньо (85') жауап қатты.
Дәл осы есеп «Оқжетпеске» Еуропаның есігін ашты. Чемпионат қорытындысы бойынша «Ордабасы» Чемпиондар лигасына жолдама алып қойғандықтан, кубок иесіне тиесілі орын лиганың төртінші командасына өтті. Егер «Қайсар» жеңгенде, жолдама соларда қалар еді – бұл маусымдағы ең оғаш оқиғалардың бірі болар еді, себебі қызылордалықтар ҚПЛ-да 25 ұпаймен соңғы, 16-орынды алған болатын.
Еске салсақ, «Оқжетпес» 1957 жылы Көкшетаудың «Торпедосы» ретінде құрылған. Өз алаңы – Абай көшесіндегі сыйымдылығы 4 500 адамдық «Оқжетпес» стадионы. 2026 жылға дейін клубтың жоғарғы дивизиондағы ең үздік нәтижесі 2016 жылғы бесінші орын болатын; өткен маусымда, бірінші лигадан оралғаннан кейін бірден көкшетаулықтар сегізінші орынды иеленген. Бірінші лигада клуб бес рет чемпион атанды – 1993, 2014, 2018, 2022 және 2024 жылдары. Қазақстан кубогын ешқашан ұтпаған: ең жақсы көрсеткіші – 2016 және 2019 жылдардағы ширек финал.
Айта кетейік, клубтың еурокубоктағы жалғыз тәжірибесі – 2009/10 жылғы Еуропа лигасының іріктеу кезеңі. Бірінші айналымда «Оқжетпес» молдовалық «Зимбрумен» кездесті: 2 шілдеде Кишиневте 2:1 есебімен жеңіске жетіп, 9 шілдеде өз алаңында 0:2 есебімен есе жіберді және жалпы 2:3 есебімен жарыстан шығып қалған еді.
Әлім Динасылов