Матч орталығы
«Нұрдәулетов құраманы басқаруға қабілетті»: ҚПЛ экс-легионері – «Жетісудағы» жанжалдар мен Сәтпаев туралы
23 қазан, 18:06

Фото: Шчиприм Таипи
ҚПЛ-дағы 16 клубтың алтауы алаң ортасын дәстүрлі түрде көшбасшылар қатарына кіретін балқандық ойыншыларға сеніп тапсырады. Осыдан екі жыл бұрын «Каспий» мен «Жетісу» да дәл осылай Албания жасөспірімдер құрамасының бұрынғы жартылай қорғаушысы Шчиприм Таипиге арқа сүйеген болатын.
ASnews.kz сайтына берген сұхбатында Солтүстік Македонияның 29 жастағы чемпионы:
ҚПЛ функционерлерінің заңсыз әрекеттерін байқаған-байқамағаны туралы айтты;
Нұрдәулетовтың әлеуеті мен Қараманның болашағын бағалады;
төбелес кезінде қазақстандық футболшылардың қайсысына арқа сүйей алатынын жеткізді.
– Шчиприм, 2000-жылдардағы Балқандағы балалық шақ ерекше болғаны сөзсіз. Сені қандай орта қоршағанын және футболға қалай келгеніңді айтып берсең?
– Бұл шындық. Мен Шығыс Косово деп аталатын жерде, албан тілінде сөйлейтін, бірақ қағаз жүзінде Сербия аумағында өмір сүретін үш қаланың бірінде туып-өстім. Әрине, кәсіпқой футболға қадам басу үшін көптеген қиындықтардан өтіп, құрбандықтарға баруыма тура келді. Осы жолда маған үнемі қолдау көрсеткен отбасыма алғысым шексіз.
– Сен «Кукеси» мен «Скендербеу» сапында 140-тан астам ойын өткіздің. Жылдар өте келе «Каспийге» ауысқаныңа өкінген жоқсың ба?
– Иә, Албанияда маған үлкен беделі мен бай тарихы бар екі командада ойнау бұйырды. «Кукеси» сапында төрт маусым бойы өнер көрсеттім, бұл ғажап кезең еді. Сондай-ақ македониялық «Шкендиядағы» маңызды уақытты да атап өтер едім, онда мен Еуропа лигасының іріктеуінің плей-офф кезеңінде «Гентке» қарсы матчта (1:2) алаңға шыққан ең жас ойыншылардың бірі болдым.
Бірақ Ақтаудағы уақыт – мансабымдағы ең жақсы кезеңдердің бірі. Өте сыйлы адамдар мені шынымен жылы қабылдады. Командаға айтарлықтай кеш қосылғаныма (2023 жылдың шілдесі – еск.) қарамастан, «Каспийге» премьер-лигадағы орнын сақтап қалуға көмектесе алмағаныма қатты өкінемін.
– «Қайрат» қақпасына айып соққысынан тікелей соққан голыңды өміріңдегі ең жарқын сәттердің бірі деп айтуға бола ма (1:1)?
– Дәл солай. Бұл доп – мен соққан ең әдемі голдардың бірі. Ол кезде бір жарым жылдан кейін алматылықтардың Чемпиондар лигасында ойнайтынын елестете де алмадым, сондықтан оларды құттықтаймын. Сәтпаевтың «Челсиге» ауысуы да – керемет жетістік. Ол таңғаларлықтай өсті.
– «Каспий» мен «Жетісу» басшылары жиі жанжалдардың кейіпкеріне айналып жатады. Олардың сенімен қарым-қатынасы туралы айтар болсақ, көңіліңе күдік ұялатқан ештеңе болмады ма?
– Жоқ, бұл клубтарда маған қандай да бір кәсіби емес қарым-қатынас жасады деп еске түсіре алмаймын. Бәрі дұрыс болды – ешқандай ұрыс-керіссіз. Мен Қазақстанға маусымды жақсы өткізіп, одан да мәртебелі клубқа қосылу үшін келген едім. Бірақ кейде көп нәрсе футболшының өзіне емес, оның мансабын басқаратын адамдарға байланысты болып жатады. ҚПЛ-дағы тәжірибемді жағымды деп бағалаймын.
– Жанкүйерлер Қайрат Нұрдәулетовты Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметіне үміткер деп санайды. Сенің ойыңша, оның бойында мұндай әлеует бар ма?
– Менің көзқарасым бойынша, Нұрдәулетов – жұмыс істеуге өте жағымды, жоғары білікті әрі құзыретті маман. Ол ұлттық құрама үшін нағыз лайықты бапкер болады деп үміттенемін және соны тілеймін.
– Талдықорғанда сен жас Қараманмен да бірге ойнадың. Дінмұхамед «Астанаға» ауысып, құраманың бір бөлігіне айналды. Бұл жартылай қорғаушы одан да жоғары деңгейге шыға ала ма?
– Иә, біз бірге талай матч өткіздік. Қараман – өте еңбекқор жігіт. Осыншама тер төккен соң міндетті түрде жемісін көресің, сондықтан Еуропаға ауысуды неге мақсат етпеске? Қазірдің өзінде ол топ-клубта ойнап жүр, бұл өте жақсы. Дінмұхамедке сәттілік тілеймін.
Оның үстіне, бұрын «Астанада» Грипши де жарқырады. Мен оның келісімшартқа отырғанына қатты қуандым, өйткені ол «Скендербеудегі» бұрынғы әріптесім еді. Назмидің ақырында Ресейге барғаны да керемет болды.

– Жергілікті футболшылардың қайсысы сені ой-сана мен діл тұрғыларынан таңғалдырды? Өзіңмен бірге төбелеске ертіп бара алатын адам бар ма?
– Қазақстандықтардың ішінен мен міндетті түрде Набихановты ерекшелеп айтар едім – мәселе шешуге бірінші болып соны аламыз (күліп). Амандықтың бойында шынымен де мықты мінез бар.
Әлишер Аманжол