Матч орталығы
«Ақтөбенің» екі негізгі ойыншысы «Қайратқа» қарсы матчқа қатыспайды
23 қазан, 16:46

Фото: Артур Шушеначев пен Бағдат Қайыров
Қазақстан ұлттық құрамасы мен «Ақтөбе» клубының футболшылары Бағдат Қайыров пен Артур Шушеначев Қазақстан премьер-лигасының 29-турында алматылық «Қайратқа» қарсы өтетін матчқа қатыспайды, деп хабарлайды ASnews.kz.
Турдың орталық кездесуінде «ақ-қызылдар» ескертулердің жинақталып қалуына байланысты өз көшбасшыларына үміт арта алмайды.
ҚПЛ-дың кейінге қалдырылған 23-турында «Ордабасыға» қарсы ойында Қайыров осы маусымдағы төртінші сары қағазын алды. Ал ағымдағы чемпионатта команданың үздік сұрмергені Артур Шушеначев сегізінші ескертуін арқалады. Бұған дейін ол осындай дисквалификация себебінен 15-турдағы «Жетісуға» қарсы кездесуді өткізіп алған еді.
«Ақтөбе» мен «Қайрат» арасындағы кездесу жексенбі, 25 қазанда Ақтөбедегі Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионда өтеді. Чемпионат мәресіне екі тур қалғанда «Ақтөбе» 45 ұпаймен турнир кестесінің бесінші орнында келеді, ал 63 ұпайы бар «Қайрат» көш бастап тұрған «Ордабасыдан» төрт ұпайға қалып, екінші сатыда орналасқан.
Ахмет Ержанов