Матч орталығы
«Ұзақ жол – сылтау емес»: «Қайрат» қақпасына дубль жасаған ойыншы – ірі жеңіс туралы
23 қазан, 00:01

Фото: Сириел Дессерс
Грекиялық «Панатинаикостың» нигериялық шабуылшысы Сириел Дессерс ASnews.kz сайтына берген сұхбатында «Қайратқа» қарсы Конференция лигасының сырт алаңдағы матчтағы жеңісінен (5:1) алған әсерімен бөлісті.
«Әрине, мен өте бақыттымын. Біз ұзақ жол жүріп келдік, әрі «Қайратқа» қарсы сырт алаңда ойнау әрқашан қиын екенін білеміз. Біздің жеңіске жетіп, бес доп соға алғанымызға қуаныштымын. Менің ойымша, бұл ойында «Қайрат» та өзінің мықты тұстарын көрсете білді. Оларда бірнеше қауіпті сәттер болды, бірақ жалпы алғанда менде тамаша, тек жағымды эмоциялар қалды.
Біздің кестеміз өте тығыз. Біз ұзақ ұштық, бірақ бұл біз үшін сылтау болған жоқ. Мұнда нақты мақсатпен келдік және көп гол соғып, жеңіске жету арқылы оған қол жеткіздік. Иә, мен екі рет гол соқтым. Шабуылшы үшін бұл керемет сезім, бірақ команданың жеңіске жетіп, алға жылжуы әлдеқайда маңызды. Осы жағымды көңіл-күйді ішкі чемпионатта да, Конференциялар лигасында да сақтай аламыз деп үміттенемін», – деді шабуылшы.
Еске салайық, Конференция лигасының жалпы кезеңінің екінші тур матчы Алматыдағы Орталық стадионда өтіп, «Панатинаикостың» 5:1 есебімен ірі жеңісімен аяқталды. 24-ші (пенальтиден) және 47-ші минуттарда мергендігімен көзге түскен Сириел Дессерс кездесудің басты қаһармандарының бірі атанды.
Әлім Динасылов