Матч орталығы
«Біріккенде бәрі де мүмкін»: «Панатинаикос» қорғаушысы «Қайратты» ірі есеппен жеңгені туралы
23 қазан, 09:48

Фото: Эрик Палмер-Браун
Афиналық «Панатинаикостың» америкалық қорғаушысы Эрик Палмер-Браун ASnews.kz сайтына берген сұхбатында УЕФА Конференция лигасының жалпы кезеңінің екінші турында алматылық «Қайратты» сырт алаңда сенімді түрде (5:1) жеңгендеріне пікір білдірді.
«Менің ойымша, біз өте жақсы өнер көрсетіп жатырмыз. Барлығымыз ортақ идеяның төңірегіне топтастық, осы маусымда қатысып жатқан барлық турнирлерде жеңіске жетуге құштармыз. Бұл – командалық жұмыс. Бапкер бізді соған баптады – бар назарымыз мақсаттарымызға аударылған. Бұл ойын – ортақ күш-жігердің нәтижесі. Осылайша біріккенде, бәрі де мүмкін.
Біз мұнда клубтың ауқымды мақсаттары үшін жүрміз, ал бапкер өтінімдегі әрбір ойыншыға сенім арта алуы тиіс. Біз бүгінгі жеңіске әбден лайықпыз, шынымен де тамаша матч өткіздік және кездесуді өте қарқынды бастадық – бұл аса маңызды болды», – деді қорғаушы.
Еске салайық, Алматыдағы Орталық стадионда өткен Конференциялар лигасының матчы «Панатинаикостың» 5:1 есебімен ірі жеңісімен аяқталды. Грекиялық клуб алғашқы минуттардан-ақ бастаманы қолға алып, кездесудің 24-минутына дейін жауапсыз екі гол соғып үлгерген болатын.
«Ұтылып жатқан соң ашуландым»: Гуаль «Панатинаикостан» жеңілуі және алмастырылуы туралы
Әлім Динасылов