Матч орталығы
«Каспий» бапкерлері мен қызметкерлері айлап жалақысыз отыр: клуб қазынашылықты сылтауратуда
9 қазан, 10:54

Фото: «Каспий» ФК
Ақтаулық «Каспий» футбол клубының қызметкерлері қаржыландырудағы созылмалы мәселелер туралы ашық мәлімдеді, деп хабарлайды ASnews.kz Lada.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазіргі таңда бапкерлер мен басқа да қызметкерлер алдындағы қарыз екі жарым айға жеткен. Ұжым шілде айы үшін жалақының бір бөлігін ғана алса, тамыз және қыркүйек айларында төлем мүлдем болмаған.
«Еңбек шарттарымызға сәйкес, жалақы ай сайын 10-ына дейін төленуі тиіс. Алайда жыл бойы төлемдер үнемі кешіктіріліп келді. Маңдай терімізбен тапқан ақшамызды қашан алатынымызды білу үшін клуб басшылығына бірнеше рет жүгіндік, бірақ әр жолы «Ақша әлі түскен жоқ», «Қаржыландыру күтіп отырмыз» деген бір ғана жауап естиміз», – дейді қызметкерлер.
Қаржылық дағдарысқа қарамастан, бапкерлер жұмыс процесін тоқтатпай, балаларды турнирлерге дайындауды жалғастыруда:
«Біз жай ғана қызметкер емеспіз. Біз балалар, жаттығу процесі, командалардың нәтижесі және "Каспий" футбол клубының абыройы үшін жауап береміз. Қарызға қарамастан жұмысымызды жалғастырып жатырмыз. Бірақ әрқайсымыздың отбасымыз, бала-шағамыз, несиеміз, пәтерақы, коммуналдық төлемдер және басқа да міндеттемелеріміз бар. Құрғақ уәдемен өмір сүріп, белгісіздікті күтіп отыра алмаймыз. Тиісті органдарға жүгіндік, бірақ әлі күнге дейін нақты қолдау таппадық, мәселе шешілмеді. Сондықтан қазір журналистерге, БАҚ өкілдеріне және жұртшылыққа қайрылып отырмыз».
Қызметкерлер құзырлы органдарды клубтың қаржылық ағындарына тексеріс жүргізуге шақырады:
«Біз өзімізге тиесіліден артық ештеңе сұрап отырған жоқпыз. Тек бір ғана талабымыз бар – маңдай терімізбен тапқан ақшамызды төлеп, алдағы уақытта жалақының уақытылы берілуін қамтамасыз ету. Біз өз жұмысымызды, футболды және өзіміз жаттықтыратын балаларды жақсы көреміз. Клубтың құрдымға кеткенін және жанжал туындағанын қаламаймыз. Бірақ бұдан әрі үнсіз қала алмаймыз».
«Каспий» басшылығы бұл кідірісті қаражаттың уақытша қазынашылықтың қарауында «ілініп» тұрғанымен түсіндіреді. Айта кетейік, дәл осындай жағдайға бұған дейін ақтаулық клубтың әйелдер командасының бұрынғы ойыншылары да тап болған еді, олардың да алдындағы қарыз әлі күнге дейін өтелмеген.
Ахмет Ержанов