Матч орталығы
Еуропалық бапкер ҚПЛ-да жұмыс істегісі келетінін айтты: «Шахтермен» бірге тарихи нәтиже көрсеткен болатын
8 қазан, 17:20

Фото: Алдин Джидич, via Getty Images
«Шахтердің» және Босния және Герцеговина жастар құрамасының бұрынғы қорғаушысы Алдин Джидич ASnews.kz тілшісіне берген сұхбатында бапкерлік мансабын ҚПЛ-да жалғастырғысы келетінін мәлімдеді.
«Жақында ғана диплом алып, UEFA Pro лицензиясы бар бапкер атандым. Таяу арада қазақстандық командалардың бірін басқару мүмкіндігі туады деген үміттемін», – деді 43 жастағы маман.
Еске салсақ, Алдин Джидич 2010-2015 жылдар аралығында «Шахтер» сапында өнер көрсеткен. Орталық қорғаушы Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде атақты «Селтикке» қарсы кездесудегі (2:0) қарағандылық ұжымның тарихи жеңісіне үлес қосқан болатын.
Соңғы айларда Джидич Босния және Герцеговинаның екінші дивизионындағы «Будучност» клубын басқарды. Ал жаңа лицензия оған жоғары лигаларда және еурокубоктарда бас бапкер болып жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Әлишер Аманжол