Матч орталығы
ҚПЛ аңызы Башич туралы: «Астанадан» Еуропаға кетуі мүмкін
6 қазан, 17:02

Фото: Иван Башич және Алдин Джидич, via Getty Images
«Шахтер» мен Босния және Герцеговина жастар құрамасының бұрынғы қорғаушысы Алдин Джидич ASnews.kz тілшісіне берген сұхбатында «Астананың» жартылай қорғаушысы Иван Башичтің Польшаға қарсы (1:0) ойынына баға берді.
«Эдин Джеконың кетуімен Босния көп нәрсе жоғалтты. Мұндай ойыншыны алмастыру өте қиын. Қазір бізде жас құрама, ал оның негізгі тұлғаларының бірі – дәл осы Башич. Ол команданың нағыз моторы және жанкүйерлердің сүйіспеншілігіне бөленген футболшы.
Иван командада өте маңызды рөл атқарады деп санаймын. Егер ол осындай ойын көрсетуді және дамуды жалғастырса, болашақта Еуропаның ең мықты чемпионаттарының біріне ауыса алатынына сенімдімін», – деді 43 жастағы босниялық маман.
Еске сала кетейік, Иван Башич Ұлттар лигасының топтық кезеңінің төртінші турында Польшаға қарсы матчта Босния және Герцеговина құрамасына жеңіс сыйлады. «Астананың» 24 жастағы орталық жартылай қорғаушысы кездесудің 84-минутында пенальтиді сәтті орындады.
Алдин Джидич 2010-2015 жылдар аралығында қарағандылық «Шахтер» сапында өнер көрсетті. Ол 173 ойында 18 гол соғып, жеті нәтижелі пас берді, сондай-ақ Қазақстан Кубогының иегері атанды.
«Солтүстікте үйренгенім осы»: Фарер құрамасының ойыншысы қазақтардан кешірім сұрады
Әлишер Аманжол