Матч орталығы
«Тобыл» легионері: Қазақстан әнұраны шырқалғанда қозғалмай тұра қаламын
3 қазан, 19:52

Фото: Пап-Альюн Ндиайе
«Тобылдың» франциялық қорғаушысы Пап-Альюн Ндиайе ASnews.kz тілшісіне берген сұхбатында қазақ халқына деген ризашылығы туралы айтты.
«Қазақстан – мені құшақ жая қарсы алған ел. Сондай-ақ Қостанайды да атап өткім келеді, өйткені дәл осы жерде өзімді үйдегідей сезінемін. Бұл қала мен клуб маған алғашқы жүлделерімді сыйлады, мұнда мен өзімді қауіпсіз сезінемін. Бұл өңірге деген бауырмалдығым ерекше.
Әнұранға қатысты видео ма? Ол шырқалған кезде орнымда тұра қалдым, өйткені маған әнұран қосылғанда қозғалмай тұру керек деген тәрбие берген. Ал қолымды жүрегіме қоюым – маған әрдайым жақсы қарым-қатынас танытқан барша қазақ халқына деген ілтипатым. Бұл – алғыс айтудың бір тәсілі», – деді 28 жастағы футболшы.
Еске сала кетейік, Пап-Альюн Ндиайе «Тобылға» түркиялық «Шанлыурфаспордан» 2024 жылдың басында ауысып келген. Сенегалдық тегі бар франциялық ойыншы 82 матчта бір доп соғып, үш нәтижелі пас берді.
Атақты «Болоньяның» бұрынғы қорғаушысы Қазақстан Кубогын, сондай-ақ екі рет Қазақстан Суперкубогын жеңіп алды. Оның қостанайлық клубпен келісімшарты осы жылдың соңына дейін жарамды.
Ресей футбол одағы «Болоньяның» қазақстандық футболшысын өз қатарына қосып алуы мүмкін
Әлишер Аманжол