Матч орталығы
«Холанд пен Мбаппе де мүлт кетеді»: Милованович – «Қайрат» қақпасына соққан дублі туралы
13 қыркүйек, 23:37

Фото: Урош Милованович
Қазақстан премьер-лигасының 26-турында алматылық «Қайратқа» (4:1) қарсы жеңісті сырт алаңдағы матчта дубль авторы атанған қостанайлық «Тобылдың» сербиялық шабуылшысы Урош Милованович ASnews.kz сайтына берген сұхбатында өткен ойынды бағалап, бас бапкердің өзінің мүмкіндіктерді жүзеге асыруы туралы айтқан сөздеріне пікір білдірді.
– Урош, бүгінгі ойынды қалай бағалайсыз?
– «Қайрат» сияқты командаларға қарсы ойнау әрқашан қиын екенін айта аламын. Бұл елдегі ең үлкен клубтардың бірі және оларға қарсы ойнау – әрдайым үлкен ғанибет. Құдайға шүкір, бүгін біз жеңіске жеттік. Команда үшін өте қуаныштымын және екі голыммен оларға көмектесе алғаныма бақыттымын.
– Бүгінгі дубльдің арқасында сіз лиганың сұрмергендер көшін бастадыңыз. Өз өсіміңіз туралы не ойлайсыз?
– Бұдан да көбірекке қабілетті екенімді білемін. Осыған жетуіме Құдайдың өзі қатты көмектесті, шүкір. Бірақ, ең алдымен, өз командама алғыс айтқым келеді. Менің әрбір голым – тек менің емес, солардың да еңбегі. Мен әрқашан ұжымға пайда әкелуге назар аударамын. Осы қарқынды жалғастыруым керек.
– Бас бапкер маусымның басында командада «кішкентай команда синдромы» болғанын, бірақ қазір жағдайдың өзгеріп жатқанын және сіздердің сырт алаңдағы матчтардан қорықпайтындарыңызды атап өтті. Бұған келісесіз бе?
– Маусымның басында бізге сәттілік аздап жетіспеді дер едім. Біз әрқашан бірге екенімізді білемін, бізде дұрыс менталитет қалыптасқан. Міне, ақыры нәтижелер де келді. Біз қазіргі орнымыздан әлдеқайда жоғары орындарды иеленуге қабілеттіміз.
– Сонымен қатар Мирослав Ромащенко: егер сіз өз мүмкіндіктеріңіздің 70 пайызын жүзеге асырғанда, лиганың ең үздік шабуылшысы болар едіңіз деді.
– Иә, бұл рас. Бірақ Мбаппеге, Холандқа қараңызшы – әрбір үлкен шабуылшы мүмкіндіктерді жіберіп алады, сонымен бірге голдар да соғады. Мен үшін ең маңыздысы – осы мүмкіндіктерді табу, гол соғуға болатын жағдайларға тап болу. Дегенмен бапкердікі дұрыс, мен шабуылдарды аяқтау бағытында үнемі жұмыс істеймін. Қай кезде де өсіп, дами түсуге болады.
– Маусым қорытындысы бойынша ең үздік сұрмерген атануды мақсат етіп қойдыңыз ба?
– Бұған аса қатты мән бермеймін. Мен жай ғана команданың жеңіске жетуіне көмектесу үшін табанды түрде жұмыс істеймін. Егер соңында ең үздігі атансам – бақытты боламын. Олай болмаса – ештеңе етпейді, мен үшін бірінші орында командалық жұмыс тұрады.
Еске сала кетейік, ҚПЛ-дың 26-турындағы матчта «Тобыл» сырт алаңда «Қайратты» 4:1 есебімен тас-талқан етті. Урош Милованович екі рет мергендігімен танылса (бір рет – пенальтиден), Виталий Лисакович пен Луис Герра бір-бір голдан соқты.
Бұл жеңіс қостанайлықтарға 34 ұпай жинап, жетінші орынға табан тіреуге мүмкіндік берді. Бұл жеңілістен кейін «Қайрат» (57 ұпай) чемпионаттағы көшбасшылықты шымкенттік «Ордабасыға» (58 ұпай) беріп қойды.
«Тобыл» «Қайратты» жеңгені үшін «Ордабасыдан» миллиондар алады
Әлім Динасылов