Матч орталығы
«Қазақстанда лига құрамадан мықтырақ, ал Грузияда керісінше»: Бьорн Йонсен – ҚПЛ дамуы туралы
29 қазан, 21:02

Фото: Бьорн Йонсен
Шымкенттік «Ордабасының» шабуылшысы Бьорн Йонсен ASnews.kz сайтына берген сұхбатында Грузия мен Қазақстандағы футболдың және ішкі чемпионаттардың даму деңгейін салыстырып, ҚПЛ-дың инфрақұрылымдық прогресіне баға берді.
– Осыдан екі жыл бұрын сіз норвегиялық баспасөзге грузин футболы туралы: «Бұл жақта Жабайы Батыс – ешқандай ереже жоқ, бұрынғы Кеңес Одағы сияқты» деп едіңіз. Енді Қазақстанда жарты маусым ойнадыңыз. Мұнда да солай ма, әлде басқаша ма?
– Көп жағынан мүлде басқаша. Қазір Грузия құрамасы ғажайыптар жасап жатыр: олар Еурода ойнады, Әлем чемпионатына шығуға жақын, құрамдарында әлемдік деңгейдегі ойыншылар бар. Бірақ ішкі лига құрама деңгейінде емес. Олардың ұлттық құрамасының ойыншылары шетелде өнер көрсетеді – ішкі чемпионаттан 25 футболшының ішінен тек «Диланың» бір қақпашысы ғана шақырылады білем. Қалғандарының бәрі шетелде.
Ал Қазақстанда лига, бәлкім, қазіргі уақытта ұлттық құрамадан да мықтырақ. Неге? Өйткені үздік жергілікті футболшылардың көбі осында, кеткен жоқ.
Меніңше, бұл жақта футбол танымал спорт түріне айналып келе жатқаны сонша, оның дамуына өте көп күш жұмсалуда. Ел Президенті, клуб қожайындары, коммерцияландыру процесі – бәрі де дұрыс бағытта келе жатыр. Қазақстанның бұл дамуы өте дұрыс арнада, мен осында жүргеніме мақтанамын. Жаңа стадиондар, инфрақұрылым, академиялар салынуда – бұл лиганы одан да жақсарта түсетін жағымды жайттар өте көп. Сіздерде Еуропада ойнап үлгерген «Астана», «Шахтер», ал енді «Қайрат» сияқты командалардың нәтижелері бар. Келесі жылы «Ордабасы» да солардың қатарынан көрінеді деп үміттенемін.
Бұл даму грузин лигасының қазіргі деңгейінен әлдеқайда ауқымды. Әрине, «Ордабасыда» әлі де атқаратын жұмыс көп, барлық клубтардағы сияқты. Бірақ бұл прогрессивті процесс және мен «Ордабасының» алға жылжуына көмектесіп жатқаныма мақтанамын. Меніңше, Еуропадағы топ-20 лиганың қатарына ену – Қазақстан үшін қазіргі таңда жақсы әрі орындалатын мақсат, біз бұған жетеміз деп ойлаймын.
Айта кетейік, Бьорн Йонсеннің еншісінде Норвегия ұлттық құрамасы сапында өткізген 16 матч бар, онда шабуылшы бес гол соғып, бір нәтижелі пас берген. «Ордабасыға» ауысқаннан бері норвегиялық шабуылшы ҚПЛ чемпионы атанып үлгерді. Шымкенттік клуб сапында ол барлық турнирлерде 19 матчқа қатысып, 16 гол соқты және төрт нәтижелі пас берді.
Әлім Динасылов