Матч орталығы
Букмекерлік кеңселер «Ұлытау» – «Атырау» матчын тізімнен алып тастады
30 қазан, 15:12

Қазақстан Премьер-лигасының 30-туры аясында өтетін «Ұлытау» мен «Атырау» арасындағы кездесу бірқатар қазақстандық букмекерлік кеңселердің тізімінен алынып тасталды, деп хабарлайды ASnews.kz.
Қазіргі уақытта бірнеше букмекерлік платформада аталған ойынға бәс тігу тоқтатылған. Ал жанкүйерлер шешуші турдың басқа кездесулеріне болжам жасап, бәс тігуді жалғастырып жатыр.
Бір қызығы, матчқа бәс қабылдау тоқтатылғанға дейін коэффициенттерде әдеттен тыс өзгерістер байқалған. 26 қазан, дүйсенбі күні «Ұлытаудың» жеңісіне 3.62, тең нәтижеге 2.91, ал «Атыраудың» жеңісіне 2.25 коэффициенті ұсынылған. Кейін қонақтардың жеңісіне берілген коэффициент күрт төмендеп, 1.527-ге жеткен. Ал тең нәтиже мен алаң иелерінің жеңісіне қатысты көрсеткіштер тиісінше 4.20 және 5.83-ке дейін өскен.
Алдағы кездесу «Атырау» үшін Премьер-лигада қалу тұрғысынан аса маңызды. Бұған дейін «мұнайшылардың» бас бапкері Самат Смақов клубтың элитадағы орнын сақтап қалатынына сенімді екенін мәлімдеген еді. Сондай-ақ жағдай керісінше өрбісе, бапкерлік лицензиясын қоқысқа тастап, жаттықтырушылық мансабын аяқтауға дайын екенін айтқан болатын.
ҚПЛ-2026 аяқталуына бір тур қалғанда «Атырау» 27 ұпаймен турнир кестесінде 13-орында тұр. Ал Жезқазғанның «Ұлытауы» 35 ұпаймен сегізінші орында келеді.
Маусымның соңғы турындағы барлық кездесу 31 қазан, сенбі күні бір мезгілде, Астана уақытымен сағат 15:00-де басталады.
Ахмет Ержанов