Матч орталығы
Словакия құрамасының аңызы – Вайсстың «Ақтөбеге» келу мүмкіндігі жайлы: жасына қарамаңыз, ол – мықты бапкер
15 ақпан, 15:45

Фото: Владимир Вайсс
«Динамо Мәскеу» мен Словакия құрамасының бұрынғы шабуылшысы Мартин Якубко ASnews.kz сайтына берген сұхбатында Владимир Вайсстың «Ақтөбе» клубында жетістікке жету мүмкіндігін бағалады.
«Вайсстың «Ақтөбеге» келуі мүмкін екенін алғаш рет естіп отырмын. Бірақ ол «Слован» клубын ұзақ жылдан бері жаттықтырып келеді. Чемпиондар лигасындағы сәтсіздіктен кейін Владимир қызметінен кетуі мүмкін деген қауесет бар, ал оның Қазақстандағы бұрынғы тәжірибесін ескерсек, «Ақтөбеге» баруы әбден мүмкін.
Оның «Слован» қожайынымен ерекше байланысы бар, сондықтан бәрі қызығушылық танытқан клубтың оны қаншалықты сендіре алатынына байланысты болады. Егер «Слованның» иесі Вайсстың клубта қалғанын қаласа, ол ешқайда кетпейді», – деді 46 жастағы Словакия құрамасының экс-футболшысы.
Якубконың айтуынша, «Қайраттың» бұрынғы бас бапкері әлі де алдына жоғары мақсат қоятын командаларға пайдасын тигізе алады:
«Оның жұмыс әдістерін ескірген деуге болмайды. Керісінше, ол – еліміздегі ең мықты, тіпті ең үздік бапкер, жеті рет чемпион атанған. Оның үстіне, жанында білікті көмекшілері бар. 61 жастағы Вайсс – шал емес, тәжірибелі маман. Егер КПЛ-ға келсе, міндетті түрде нәтиже көрсетеді», – деп қосты ол.
БАҚ мәліметінше, «Ақтөбе» словакиялық маманды бас бапкер қызметіне шақыруға мүдделі. Ал Николай Костов жазғы трансферлік кезеңге дейін қызметінен кетуі мүмкін.
Вайсс Қазақстанда 2013–2015 жылдары жұмыс істеді. Оның жетекшілігімен «Қайрат» екі рет ел кубогын жеңіп алды, 122 матчтың 68-де жеңіске жетті.
Әлишер Аманжол