Матч орталығы
Сәтпаевтың командаласы сәтсіздіктен кейін командаластарын қатаң сынға алды
21 қыркүйек, 08:11

Фото: Коннор Робертс
«Бернлидің» қорғаушысы Коннор Робертс «Дерби Каунтимен» (1:1) өткен тең ойыннан кейін командаластарын сынға алды.
Қазақстандық Дастан Сәтпаев өнер көрсететін команда қосымша уақыттың соңғы минуттарында жеңісті уысынан шығарып алды, деп хабарлайды ASnews.kz.
«Олар ойыннан өшіп қалды»
Уэльстік қорғаушының айтуынша, алаңға шығар алдында ол командадан соңғы ысқырыққа дейін концентрацияны жоғалтпауды сұраған, алайда ойыншылар бұл талапты елемеген.
«Біз қақпадан допты өзіміз тепкеннен кейін гол жіберіп алдық. Бұл – қылмыс, көңілімізді қатты түсірді. Біз жай ғана ойынға толықтай қосылуымыз керек. Матч алдында бәріміз жиналған кезде айттым: бірінші минуттан бастап соңғы ысқырыққа дейін барынша дайын болыңдар, кез келген жағдайды күтіңдер деп. Көрініп тұрғандай, әлдекім немесе тұтас команда ретінде біз бұлай істей алмадық. Біз қайтадан жиналып, жұмысты жалғастыруымыз керек», – деді Робертс клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Жауапкершілікке шақыру
Футболшы кейбір ойыншылардың мотивациясына қатысты сұрақ қойып, оларды команда үшін не мақсатпен ойнауға келгендері туралы ойлануға шақырды.
«Сіздер осындай құрбандыққа барасыздар, отбасыңызды тастап, «Бернлидің» намысын қорғау үшін осында көшіп келесіздер. Осының бәрі ойынның жекелеген сәттерінде ғана емес, бүкіл матч бойы барынша күш салып, концентрацияны жоғалтпауға тұрмай ма? Қазір бізде үзіліс, бәлкім, бұл кейбір ойыншылар үшін осындай құрбандыққа не үшін барғанын еске түсіруге берілген мүмкіндік шығар», – деп қосты ойыншы.
«Бернлидің» Чемпионшиптегі жеңіссіз сериясы ақпан айынан бері жалғасып келеді, ал өз алаңы «Терф Мур» стадионында команданың жеңіске жетпегеніне бір жылға жуықтады. Бұған дейін хабарланғандай, нашар нәтижелерге байланысты (8 турда 4 ұпай) клуб басшылығы шұғыл жиналыс өткізбек, онда бас бапкер Ники Хайенді қызметінен босату туралы шешім қабылдануы мүмкін.
Команда намысын Қазақстан ұлттық құрамасының 18 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаев қорғайды. Ол «Бернли» сапында жалдау құқығымен ойнайды. Қазақстандық форвард жарақатына байланысты «Дерби Каунтимен» болған матчқа қатыса алмады.
«Бернли» басшылығы шұғыл жинасыл өткізеді: Сәтпаев бапкерінің тағдыры шешілмек
Ахмет Ержанов