Матч орталығы
«Бернли» бапкері қызметінен кетуі мүмкін: шыдамдылық танытқысы келе ме, жоқ па – басшылық шешеді
14 қыркүйек, 10:39

Фото: Ники Хайен
«Бернлидің» бас бапкері Ники Хайен маусымды сәтсіз бастаған командаға басшылық қанша уақыт шыдамдылық танытқысы келетінін өзі шешуі керек деп санайды.
Сенбі күні «Бернли» «Суонси Ситиге» 1:3 есебімен жол беріп, турнир кестесінде ең соңғы орынға түсіп қалды.
Маусым басталғалы бері жеті ойында да жеңіске жете алмағандықтан, Хайенге деген қысым күшейіп келеді. Бельгиялық маманның «Бернли» тізгінін ұстағанына екі айдан сәл ғана асты.
Хайеннен «Алан Пейс пен клуб басшылығы халықаралық үзіліске дейін оны қызметінде қалдыруға жеткілікті деңгейде шыдамдылық таныта ма?» деп сұрағанда, ол:
«Оны білмеймін. Бұл туралы өздерінен сұрауыңыз керек, — деп жауап берді.
Әрине, өткен матчтарда жеңіске жете алмағанымыз үшін мені кінәлауға болады. Бұған әсер еткен басқа да көптеген себептер бар. Мен мұны ақталу ретінде айтып отырған жоқпын, өйткені бұл — шындықтың бір бөлігі.
Жарақаттар, ойыншылардың физикалық дайындығының жеткіліксіздігі, жаңа футболшылардың қосылуы туралы айтқаным бар. Бұл мәселелер жөнінде басшылардың өзінен сұрау керек.
Мен бұрынғыдай жұмыс істей беремін. Әр матчты соңғы ойыным секілді қабылдап, бар күшімді саламын. Бұл өзіңді үнемі бабымда ұстауға және командаға қажетті энергияны беруге көмектеседі. Сондықтан жұмысымды әдеттегідей жалғастырамын», – деді бас бапкер.
Хайен келесі аптада өз алаңында «Дерби Каунтимен» өтетін матчтың маңыздылығын да жасырмады. «Дерби Каунти» де маусымды сәтсіз бастап, төрт ұпаймен турнир кестесінде 22-орында келе жатыр.
Бұл матчтың өзінің бапкерлік мансабы үшін қаншалықты маңызды екені туралы сұраққа Хайен:
«Білмеймін. Мен бұл команданың маңызды бөлігі екенімді түсінемін. Сондықтан әрдайым барымды саламын. Мен бұған дейін де айтқанмын: егер біз қатарынан үш матчта жеңіске жетсек, бірден жалақымды көтеріңдер деп басшылыққа жүгіріп бармаймын. Өйткені футболдағы жағдайдың қаншалықты тез өзгеретінін жақсы білемін. Сол сияқты қатарынан үш рет жеңілсек те, қол қусырып қарап отырмаймын.
Клуб басшылығы менің ұстанымымды бірнеше аптадан бері біледі. Енді шыдамдылық танытқысы келе ме, жоқ па — өздері шешеді.
Біз халықаралық үзілістен кейін жағдайдың өзгеретініне сенімдіміз. Бірақ ол үшін, әрине, келесі матчта жеңіске жетуіміз керек. Бәрін өзгерту үшін бізге дәл осы жеңіс қажет», — деді «Бернли» бас бапкері.
Дастан Сәтпаевтың командасы Чемпионшиптегі келесі ойынын 19 қыркүйекте «Дерби Каунтиге» қарсы өткізеді. Содан кейін халықаралық үзіліс басталып, Чемпионшиптегі командалар 10 қазанға дейін демалыс алады.
Ернар Ламқадыров