Матч орталығы
Ресейде Чесноковқа сенім артуда: ол «Крылья Советовта» негізгі құрам ойыншысы атануы мүмкін
21 тамыз, 20:56

Фото: Ислам Чесноков
Ресейлік сарапшы әрі Спорт-Экспресс тілшісі Константин Белов ASnews.kz сайтына берген сұхбатында Ислам Чесноковтың «Крылья Советовтың» негізгі ойыншыларының біріне айнала алатынын мәлімдеді.
«Крылья Советовта» қанаттағы футболшылардың жағдайы өте керемет деп айта алмаймын. Шабуыл шебінің көшбасшысы – Иван Олейников, бірақ «Локомотив» тарапынан қызығушылық болғандықтан, оның осы жазда клубтан кететін-кетпейтінін ешкім білмейді. Ал басқаларды айтсақ – тағы да сұрақтар көп.
Словениялық Мартин Крамарич пен ресейлік Денис Макаров маусым басында көңіл көншітерлік ойын көрсете алмай жүр, ал инсайдерлердің мәліметінше, басшылық коста-рикалық Джимми Мариннен құтылғысы келеді. Сондықтан Чесноковта РПЛ-де де, ел кубогында да өзін көрсетуге мүмкіндік міндетті түрде болады.
Бастапқыда Ислам ротация ойыншысы болады, бірақ жақын арадағы бір-бір жарым айда негізгі құрамға еркін орнығып кетуі мүмкін», – деді сарапшы.
«Тобыл» мен Қазақстан құрамасының шабуылшысы Ислам Чесноков ресейлік «Крылья Советов» клубына жалға берілген болатын. Самаралық клуб РПЛ-дің төрт турынан кейін жарыс кестесінде 14-орында келеді.
Ағымдағы Қазақстан премьер-лигасының маусымында 26 жастағы вингер 11 матч өткізіп, бір гол соқты және екі нәтижелі пас берді.
Ислам Чесноков: өмірбаяны, толық ақпарат, жалақысы, жеке өмірі. «Крылья Советовке» ауысуы
Әлишер Аманжол