2030 жылғы ӘЧ-ге бойкот: Қазақстан құрамасы мен УЕФА-ның өзге мүшелері ФИФА-ға қарсы шықты
30 шілде, 21:19

Фото: Қазақстан ұлттық құрамасы
Еуропа футболы ауқымды жікке бөліну алдында тұр. УЕФА құрамына кіретін барлық 55 ұлттық қауымдастық 2030 жылғы ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионаттарына бойкот жариялау туралы шешім қабылдады.
Бұл туралы Еуропа футбол одағындағы дереккөздерге сүйене отырып, talkSPORT инсайдері әрі журналисі Бен Джейкобс хабарлады.
Жанжалдың себебі неде?
Бұл демаршқа Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) әлем біріншіліктерін өткізуге қатысты коммерциялық құқықтарға жеке инвесторларды тарту ниеті басты себеп болды.
ФИФА президенті Джанни Инфантино FIFA Forward Enterprise (FFE) құрылымын құруды белсенді түрде ілгерілетуде. БАҚ мәліметтері бойынша, капитал тарту бойынша келіссөздер АҚШ президентінің әкімшілігіне жақын тұлғалармен жүргізілген, бұл еуропалық футбол шенеуніктерінің тарапынан қатаң сын тудырды.
Жобаны мақұлдау үшін ФИФА ұлттық қауымдастықтарға 40 миллион доллар көлемінде төлем ұсынған, бірақ еуропалық елдер бұл ұсыныстан бас тартты.
УЕФА планетаның басты футбол турнирлерінің коммерциялық активтерін бақылауды жеке құрылымдарға беруге үзілді-кесілді қарсы.
2030 жылғы ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионатына Еуропаның барлық негізгі құрамаларының қатысуы үлкен күмән астында тұр.
Еске сала кетейік, Қазақстан 2002 жылдан бері УЕФА мүшесі болып табылады.
Әлім Динасылов