Матч орталығы
Лео Игита «Семейдің» мақсаттары туралы: Чемпиондар лигасының финалына шыққымыз келеді
14 қыркүйек, 17:15

Фото: Лео Игита
«Семей» футзал клубының қақпашысы Лео Игита ASnews.kz тілшісі Ерғанат Қабдұлқаққа берген сұхбатында Қазақстан чемпионатының алғашқы матчтарын қорытындылап, семейліктердің жаңарған құрамын бағалады.
Маусымдағы жоспарлар мен міндеттер туралы
«Орасан зор жүлделер күтемін. Біз барлық титулдар үшін күресе аламыз және күресуіміз керек: Қазақстан чемпионаты, Кубок, Суперкубок және Лига кубогы. Біздің мақсатымыз бен клубтың басты арманы – Чемпиондар лигасының «Төрттік финалына» шығу. Оған жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, ал әрі қарай не боларын сол кезде көре жатармыз».
«Семейдің» күшеюі мен командадағы атмосфера туралы
«Биыл бізге «Қайраттың» бұрынғы ойыншылары қосылды. Біз екі жергілікті ойыншы – Біржан Оразов пен Дәурен Тұрсағұловпен күшейдік. Оларды жоғары, әлемдік деңгейдегі шеберлер деп санаймын.
Бұрынғы құрамның шамамен 80 пайызын сақтап қалуымыз үлкен артықшылық болды – бұл өте көп көмектеседі, өйткені бәрі бір-бірін жақсы біледі. Біз қажетті позицияларға нақты төрт ойыншы қостық. Қазір команда тамаша көрінеді: әр позицияда үш ойыншыдан бар, ұжым одан да кәсіби бола түсті. Ең бастысы – маусым соңына дейін жарақаттар барынша аз болып, барлығы аман-сау болса екен».
Ұлттық құрама және ӘЧ іріктеу кезеңі
«Бізге жаңа бапкер Какау келді – оның жаңа ойлары мен әдістемесі бар. Қазақстан құрамасы өз мықтылығын бірнеше рет дәлелдеген. Италиямен болған өтпелі матчтарда жолымыз болмады, бірақ Қазақстанды жеңу ешкімге оңайға соқпайды. Біздің алғашқы қадамымыз – топтық кезеңде бірінші орын алу, ал одан әрі қарсыласқа қарай қадам басамыз».
Қазақстандағы өмірі мен мансабын аяқтауы туралы
«Мен мұнда 17 жылдан бері тұрып жатырмын – өмірімнің жартысын Қазақстанда өткіздім деуге болады. Семейде болсын, Алматыда болсын, жанкүйерлер мен балалардан мұндай қолдауды сезіну өте керемет. Мен ойыншы ретінде жергілікті футзалдың дамуына үлесімді қостым, ал мансабымды аяқтағаннан кейін осында қалып, тәжірибеммен бөлісіп, футзалымызды одан әрі дамытқым келеді».
Еске сала кетейік, 12 және 13 қыркүйекте жанкүйерлердің қызу қолдауымен өткен көкшетаулық «Оқжетпеске» қарсы қос үйдегі матчта «Семей» екі рет аса ірі есеппен жеңіске жетті.
Бірінші ойын (12 қыркүйек): «Семей» қарсыласын 9:1 есебімен тас-талқан етті. Дебюттік матчта команданың жаңа ойыншысы Біржан Оразов хет-трик жасаса, Төреғазин мен Педро Энрике өз еншілеріне дубль жазды.
Екінші ойын (13 қыркүйек): Алаң қожайындары қонақтарға тағы да еш мүмкіндік қалдырмады – 8:1. Педро Энрике тағы бір дубль авторы атанды, сондай-ақ Родригиньо, Пиялы, Дәрібай, Андерсон Алвес, Оразов және Қарбаев мергендігімен көзге түсті.
Екі жеңіс пен соғылған және жіберілген голдар айырмасының (17:2) арқасында «Семей» барынша мүмкін алты ұпай жинап, турнирлік кестеде көш бастады.
Ерғанат Қабдұлқақ