72 үміткерден 4 финалист: «Шахтер» академиясы ауқымды іріктеудің қорытындысын шығарды
1 тамыз, 18:57

Қарағандылық «Шахтер» академиясы 27–29 шілде аралығында өткен 2012 жылы туған футболшыларды үш күндік іріктеуді аяқтады.
Қарағандыда клуб құрамына өтуге мүмкіндік алған Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 72 жас ойыншы бағын сынап көрді.
Үміткерлердің географиясы
Іріктеуде ең көп қатысушы жергілікті өңірден болды – Қарағандыдан 40 футболшы қатысты. Қалған 32 қатысушы елдің басқа өңірлерінен келсе, олардың арасында ең үлкен топтар Астанадан (9 ойыншы), Алматыдан (6) және Талдықорғаннан (4) жиналды.
Кешенді тексеріс және іріктеу
Іріктеу бағдарламасы тек доппен жұмыс істеуді емес, сонымен қатар медициналық тексерісті, физикалық дайындық тестілерін, күш жаттығуларын және толыққанды ойын жаттығуларын қамтыды. Бапкерлер штабы үміткерлердің техникалық шеберлігін, тактикалық ойлауын, физикалық бабын, сондай-ақ тәртібі мен психологиялық төзімділігін бағалады.
Бәсекелестік өте жоғары болды: іріктеудің алғашқы екі күнінен кейін-ақ Академиядан орын алу үшін күресте бар-жоғы төрт футболшы қалды.
Шешуші сынақ
Финалистер соңғы сынақтан өту мүмкіндігіне ие болды – олар Игорь Маштаковтың басшылығымен «Шахтер» U-15 командасымен бірге толыққанды жаттығу өткізді. Нақты жаттығу процесіне барынша жақындатылған жағдайда үздік төрттік клубтың бір бөлігі болуға лайық екендігін дәлелдеді.
Іріктеудің ресми қорытындысы мен «Шахтер» ФК Академиясының құрамын толықтыратын ойыншылардың есімдері жақын арада жарияланады.
Әлім Динасылов