Матч орталығы
Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының матчы аясында Кишиневке жетті
11 қараша, 22:53

Фото: Джон ван 'т Схип
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар лигасы аясындағы сырт алаңдағы матчқа қатысу үшін Молдоваға аман-есен ұшып келді, деп хабарлайды ASnews.kz.
Түркістан – Кишинев бағыты бойынша қатынаған Air Astana әуекомпаниясының чартерлік рейсі Молдова астанасына жергілікті уақытпен сағат 19:43-те қонды. Команданың жолдағы уақыты бес жарым сағаттан асты. Еске сала кетейік, ойын 13 қараша күні өтеді және Қазақстан уақытымен сағат 22:00-де басталады.
Бүгінгі таңда C3 тобында 10 ұпай жинаған Словакия құрамасы көш бастап тұр. Молдова мен Фарер аралдары командалары еншілерінде төрт ұпайдан жинап, екінші және үшінші орындарды бөлісіп тұр. Ал Қазақстан құрамасы екі ұпаймен топтың турнирлік кестесін қорытындылауда. Аталмыш турнирдің биылғы маусымындағы соңғы матчын Джон ван 'т Схип шәкірттері 16 қараша күні Астанада топ көшбасшысы Словакияға қарсы өткізеді.
Әлім Динасылов