Матч орталығы
Фарерлік сарапшы – Қазақстанға қарсы матч туралы: алаң ортасында ойыншылар тапшы
6 қазан, 14:49

Фарерлік Kringvarp Føroya телерадиохабар тарату компаниясының журналисі Трондур Арге ұлттық құрамасының Қазақстанға қарсы матчтағы мүмкіндіктерін бағалап, командадағы кадрлық мәселелер туралы айтып берді, деп хабарлайды ASnews.kz.
Сырт алаңдағы сәтсіздіктер мен Астанадағы қысым туралы
«Молдовадағы сәтсіз матчтан кейін ойыншылардың бірімен сөйлестім. Біз нашар ойнадық, ал ол менен: «Сырт алаңда соңғы рет қашан жақсы ойын көрсеттік?» – деп сұрады. Лихтенштейн, Андорра немесе Сан-Марино сияқты шағын мемлекеттермен кездесулерді есепке алмасақ, біз шынымен де сырт алаңда өте сирек сапалы ойын көрсетеміз.
Біз қысымда боламыз, ал Қазақстан допқа көбірек иелік ететіні анық. Бірақ алаң иелері бір голдан артық соқпауы да әбден мүмкін, ондай жағдайда тең нәтиже тіркелу ықтималдығы өте жоғары».
Демалыстың жетіспеушілігі туралы
«Күнтізбеге келетін болсақ, ұшудың өзі біз үшін үлкен мәселе болған жоқ. Қазақстанмен өз алаңымыздағы ойыннан кейін біз ойыншыларға өте қолайлы орындары бар ұлттық әуе компаниямыздың рейсімен Кишиневке аттандық. Жол жүру – мәселе емес, ал матчтар арасындағы үш күндік демалыс – нағыз қиындық.
Футболшылар толық қалпына келіп үлгермеді, енді бізде жартылай қорғаныс орталығында мәселелер бар. Өздеріңіз білетіндей, қазір ол жерде амалсыздан Йоаннес Бьорталид ойнап жүр. Оны оң қапталдан орталыққа ауыстырды, өйткені бұл позицияда тәжірибелі ойыншылар қалмады. Ағылшындық «Гримсби» сапында өнер көрсететін Геза Давид Тури – осы аймақтағы негізгі құрамның жалғыз бейінді ойыншысы, қалған екеуі – дебютанттар. Қазір біздің төрт немесе бес жартылай қорғаушымыз жарақат алған. Алаң орталығындағы құрам тереңдігінің жетіспеушілігі – қазіргі сәттегі ең басты осал тұсымыз. Қалған шептердің барлығында бізде бәрі дұрыс».
Еске сала кетейік, Қазақстан мен Фарер аралдары құрамалары арасындағы УЕФА Ұлттар лигасының матчы бүгін, 6 қазанда Астанада өтеді. Қазіргі таңда қос команда да С3 тобының турнир кестесінде соңғы орындарда келеді және ұпайға қатты мұқтаж. Фарерлік жартылай қорғаушы Йоаннес Бьорталид Қазақстан премьер-лигасында петропавлдық «Қызылжар» сапында өнер көрсетеді.
«Солтүстікте үйренгенім осы»: Фарер құрамасының ойыншысы қазақтардан кешірім сұрады
Әлім Динасылов